BAQ.KZ ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 25 қарашада BAQ.KZ ақпарат агенттігінің құрылғанына 10 жыл толып отыр. Сайт 10 жыл бойы білім, ғылым, денсаулық, саясат, әлеумет, құқық және басқа да маңызды салаларға қатысты тәуелсіз Қазақстанның тарихын жазып келеді. ҚазАқпарат тілшісі еліміздегі тек қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз ақпарат агенттігінің ұжымын құттықтап, сұхбат алып қайтты.

BAQ.KZ бас редакторы Мөлдір Бекбергенованың айтуынша, сайт бастапқыда аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының деңгейін көтеру мақсатында құрылған.

«Аймақтағы жаңалықтарды бір жерден оқып-біле алу үшін осы сайт құрылды. Ол кезде облыстық, аудандық газеттерде жарық көрген материалдар осында жарияланатын. Сондай-ақ сайтта ақын-жазушылар өздерінің блогын жүргізетін. Қазіргі таңда сол кездегі сайттың бет-бейнесі, концепциясы өзгергенімен, бұрын жарияланған материалдарды оқып отыратын тұрақты оқырмандарымыз бар», - дейді Мөлдір Бекбергенова.


Бүгінгі таңға дейін аталған ақпарат агенттігінде Қамбар Ахметов, Серғали Балажан, Ботагөз Мақыш, Ержан Әбдіраман, Ерлан Оспан бас редактор қызметін атқарды. Олардың әрбірі сайтты заман ағымына сай өзгертіп отырды.

«Бүгінде тәулік бойы ақпарат тарататын мультимедиялық ақпарат агенттігіміз. Ақпараттан бөлек, мультимедиалық жобаларымыз да бар. Сондай жобалардың қатарында «Желмаяны» айтып өтуге болады. Бұл жоба екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Жобаның өткен жылғы концепциясы бойынша елордаға арман қуып келіп, мақсатына қол жеткізген тұлғалардан сұхбат алатынбыз. Қазіргі уақытта бұл жобада мемлекеттік деңгейдегі маңызды мәселелерді талқылайтын болдық. Пандемия кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық саны артты. Осындай келеңсіз жайттарды барынша ашып көрсетуді мақсат етіп, қыркүйек айында «ГендерLIKE» жобасын іске қостық. Сондай-ақ, подкаст жобаларымыз бар. Осы тұрғыда Аягөз Құрмаштың «Бәрінен де сен сұлу» жобасын айтып өтуге болады. Бұл – өз саласында жетістікке жеткен, отбасы мен кәсібін қатар ұстай білген әйелдер туралы жоба. «Не әңгіме?» жобасы - қоғамда резонанс тудырған, әңгіменің неден туындағанына жауап беретін подкаст. Жоба авторы – Олжас Сәндібек. Жастар арасында танымал, спорт саласымен тікелей байланысты тағы бір подкаст жоба – «Жанкүйер». Ол жобада Бек Төлеуов кез келген спорт саласында жетістікке жеткен, өз тақырыбына қатысты айтары бар мамандарды шақырып, сұхбат алады», - дейді ақпарат агенттігінің бас редакторы.


Штатта 7 тілші, 3 шығарушы редактор, үйлестіруші, продюсер, бас редактор мен орынбасарларымен қосқанда 15 қызметкер жұмыс істейді. Сайттың негізгі оқырмандары – мемлекеттік қызметшілер, орта буын өкілдері және жастар, шетелдегі қандастар.

«Рейтинг бойынша, ақпарат агенттіктері ішінде ТОП-20 ішіндеміз. BAQ.KZ – тек мемлекеттік тілде ақпарат тарататын жалғыз сайт. Тілшілер алдағы күні қандай шараларға баратынын бір күн бұрын біліп отырады. Шығарушы редакторлар күндізгі, түнгі мезгілде ауысып жұмыс істейді. Орыс тілінде өтетін шаралардың өзінде ақпаратты қазақ тілінде алғаш болып, әрі сапалы етіп беруге тырысамыз. Менің ұжымға қоятын негізгі үш шартым – ақпаратты жедел беру, сауатты жазу, сондай-ақ ізденімпаз болу. Жалпы, тілшілерде шығармашылық еркіндік болғанын қалаймын. Оларға идея айтып, шабыттандыруға тырысамын. Мысалы, тілші Ержан Жаубай қазақтың психологиясы туралы видеосұхбаттар желісін жүргізіп, психологпен жақсы жұмыс істеп, соның негізінде «Қазақтың жазылмаған психологиясы» деген кітап шығарды. Бұл да шығармашылық еркіндіктен шыққан дүние. Сайтта «Профессионалдар» жобасы бар. Бұл жоба бойынша барлық тілші өз ісінің шеберлері туралы мақала, сұхбат жазады», - дейді ол.

Ақпарат агенттігінің бас редакторы сайтқа жалған ақпараттың шығып кетпеуі қатты қадағаланатынын айтты.


«Мысал ретінде былтырғы Арыстағы оқиғаны келтірейік. Басқа ақпарат құралдары оқиға болғаннан кейінгі алғашқы бір сағатта жарылыстың видеоларын жариялап, Арыста болғанын жаза берді. Ол кезде біз жалған ақпарат шығаруға асықпай, ресми жауаптың болуын күттік. Ол бізді неден қорғады? «Жанармай бекеті жарылды» деген жалған ақпарат жариялаудан құтқарды. Ең бастысы – халық арасына іріткі салып, үрей тудырумен айналысқан жоқпыз. Әліптің артын бағу арқылы оқиға Арыста емес, Арыстың жанындағы әскери базада болғанын түсіндік. Біз баспасөз хабарламасында ақпарат қалай келсе, солай бере бермей, анық-қанығын біліп алуға өте үлкен мән береміз. Редакцияға келген ақпаратты саралап салуға міндеттіміз», - дейді Мөлдір Бекбергенова.

Ол жұмыс барысында қандай жағдайлар болып тұратыны туралы айтып өтті.

«Төтенше жағдай кезінде 42 500 теңгеге қатысты көптеген сұрақ келді. Оқырмандармен тікелей байланыс болсын деген ниетпен сайтқа менің телефон нөмірім қойылған еді. Сол кезде маған хабарласып, 42 500 теңгені беруді талап еткен оқырмандар болды. «42 500 теңгені алуыма көмектесіп жіберіңізші, рахметім ретінде 10 мың теңгесін сізге берейін» деген өтінішпен жазғандар болды. Коронавирус ЖИТС ауруынан да қауіпті екенін, сол үшін күйзеліске түсіп кеткенін айтып хабарласқан оқырмандар болды. Сол кезде өзім заңгер, кеңесші әрі психолог болып кеткендей болдым. Осындай қысылтаяң уақытта халыққа дұрыс ақпарат таратуда сайттың атқарған рөлі зор болды. Жалпы сайттың электронды поштасына келетін хаттарға маңыздылығына, өзектілігіне қарай жылдам жауап беруге тырысамыз», - дейді сайттың бас редакторы.

BAQ.KZ ақпарат агенттігінің алғашқы нұсқасының скриншоты

Ол кезінде BAQ.KZ сайтында жұмыс істеген көптеген тілші қазір республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарып жүргенін айтады.

«Әрі кетсе 5-6 жыл жұмыс істеп жабылып қалған сайттар бар. Біздің сайт та күндердің бір күнінде «ҚазАқпарат» сияқты жүз жылдық тарихы бар сайтқа айналсын деген тілегіміз бар. «ҚазАқпарат» АҚ құрамындағы жарнамалық табыс алып келетін алғашқы үш сайттың біріміз. BAQ.KZ – ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы, ерекшелігі, сипаты бар сайт. Жазарымыз, жағымды жаңалығымыз көп болсын!», - дейді ол.

BAQ.KZ жобасының концепциясын ұсынған – Аршат Ораз. Оның айтуынша, сол кездегі Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев «Қазконтент» АҚ-ға бұқаралық ақпарат құралдарына арналған жоба ойластыру туралы тапсырма берген.

«Мен өз концепциямды ұсындым. Сайт атын да baq.kz деп тіркеттім. Ол жерде облыстық, аудандық газеттер өз аккаунтын ашып, әркім өз жаңалығын өзі салуы керек болатын. Сонда күнделікті жаңалықтар өзі түсіп тұрады, басты жаңалықтарды редакция алғашқы бетке өзі реттеп отыруы керек еді. Одан бөлек ТВ және радиолардың да онлайн трансляциясы сол сайтқа шығуы тиіс болатын. Бірақ бастапқы концепция өзгеріп, кейін классикалық жаңалықтар сайтына айналып кетті», - дейді Аршат Ораз.

Сондай-ақ, ол бұл идеяны қазір де жүзеге асыруға болатынын айтты.

«Аймақтағы газеттердің көбінде әлі сайт жоқ. Кезінде «Қазконтент» біразына тегін сайт ашып берді. Бірақ ғұмыры ұзақ болмады. Хостинг, домендерін қалай ұзартатынын білмеді, техникалық қолдау да болмады. Солай жабылып тынды. Ал бұл платформада болғанда мұндай мәселе болмас еді. Ақпарат саны да, ауқымы да көбейер еді. BAQ.KZ ұжымына осы бастапқы идеяны жүзеге асыруды тілеймін!», - дейді ол.

BAQ.KZ аймақтық желі редакторы Назым Ерсінғазықызы аталған ұжымда ақпарат агенттігі құрылған кезден, яғни 10 жыл бойы қызмет атқарып келеді. Ол осы сайтта штаттан тыс үйлестіруші, СММ ілгерілетуші және бас редактордың орынбасары, аймақтық желі редакторы болған. Назым Ерсінғазықызының айтуынша, сайт құрылған жылы ақпаратты жылдам беру жағы қиынырақ болған.


«Кейін журналистер қабылдап, ұжым қалыптасқаннан кейін жұмыс бір ізге түсті. Мен осы сайттың арқасында еліміздің барлық облысын аралап шықтым. Сайт ашылған кезде аймақтардағы газеттерге арнап парақша аштық. Сол кезде әр облысқа барып тренинг өткізіп, парақшаны қалай ашуға болатынын үйреттім. BAQ.KZ көп тілшінің жолын ашты. Басқа өңірлерде жұмыс істеген тілшілер осы жердің меншікті тілшісі болып бастап, кейін елордаға көшіп келді. Бұл сайт аймақтағы талантты тілшілердің елордаға көшіп келуіне себепші болды», - дейді Назым Ерсінғазықызы.

Бұл мереке – BAQ.KZ сайтының қазіргі құрамы ғана емес, осы жерде жұмыс істегендердің бәрінің мерекесі.

«Сайттың дамуына бәрі өз үлесін қосып кетті. Мысалы, BAQ.KZ жаңа арнаға түсірген Қамбар Ахметов өз білгенін бәріне үйрететін, өзіне баурап алатын басшы болды. Серғали Балажанда позитивті ойлар көп болды. Ол бастамашыл басшы еді. Ботагөз Мақыш айтқанында тұратын басшы болды. Ержан Әбдіраман сайтқа көп өзгеріс алып келген басшы болды. Ерлан Оспан қызметкерлердің жағдайына, ынтасына, шамасына қарайтын басшы болды. Ол кім не жазуға қабілетті екенін алдын ала байқап отыратын. Қазіргі уақытта аймақтық 11 меншікті тілшіміз бар. Аймақтық тілшілермен тікелей жұмыс істеймін. Әрқайсының қозғайтын тақырыптары, жазу стилі әртүрлі. Олармен байланыс орнату маған ұнайды», - дейді Назым Ерсінғазықызы.

BAQ.KZ сайтының тілшісі Ержан Жаубай аталған орында 2016 жылдан бері қызмет етіп келе жатыр.


Ол руханият тақырыбында қалам тербеп, сұхбат алғанды жақсы көреді.

«Сұхбат алған кезде тоқтамай сөйлеп, тұшымды әңгіме айта алатын кейіпкерлерді тауып аламын. Маған руханият, жылқы тақырыбында жазған ұнайды. Мысалы, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай 25 спикерден сұхбат алу маған тапсырылды. Депутаттардан, қоғам қайраткерінен, саясаткерлерден, мәдениет қайраткерлерінен сұхбат алдым. Кез келген тұлғамен сұхбатты оқыған кезде оқырман оның айтқан әңгімесінің астарынан қандайда бір ой түйіп, қорытуы керек. Мысалы, ең алғашқы ҚР Ақпарат министрі болған Қуаныш Сұлтановтан сұхбат алған кезде ол «Қытай мен Қазақстан арасындағы шекараны бекіту қалай қиын болғанын өз көзіммен көрдім. 1993 жылы Елбасымыз ҚХР басшысымен кездесуге кірді. Протокол бойынша кездесу 30 минутқа ғана созылуы керек болатын. Елбасы кіріп кеткеннен кейін 2,5 сағат өтті... Сол 2,5 сағаттық кездесуден кейін Қытай мен Қазақстан арасындағы шекараны бөлу мәселесі бейбіт түрде шешілді» дейді. Тәуелсіздігімізге қатысты осы және басқа да құнды деректерді BAQ.KZ сайтында жүріп білдім. Бұл сайт мені журналист ретінде шыңдады. Бұл жерде тәжірибе жинадым, ұжыммен қарым-қатынас қандай болу керектігін осы жерде жүріп үйрендім», - дейді тілші.


«Біз Тәуелсіздік тарихын өз қолымызбен жазып жатқанымыз үшін мақтана аламыз. Тек мемлекеттік тілде ғана ақпарат тарататын жалғыс сайт осы BAQ.KZ. Біздің ерекшелігіміз – осы. Бұл – оқырманға шынайы ақпарат жеткізетін бірден бір ақпарат көзі... Өз басым салалық сайтты дамыту керек деп санаймын. Мысалы, елімізде қазақтың киіз үйіне қатысты бір де бір сайт жоқ. Киіз үй деген тұнып тұрған тарих. Қазақ халқының сөздік қорының 90%-ы көшпенді өмірмен байланысты. Біз қазір олай көшіп жүре алмаймыз, бірақ интернеттің мүмкіндігін пайдалануға болады», - дейді ол.

Аталған жобаның ақпарат агенттігіне айналғанда алғашқы бас редакторы болған Қамбар Ахмет BAQ.KZ-тің өз өміріндегі орны бөлек екенін айтады.

«Елордаға келуіме себепші, қызмет жолында үлкен тәжірибе, сәтті баспалдақ. 10 жыл бұрын порталдың бас редакторы да, тілшісі де, SMM маманы да жалғыз өзім болған кездер де өткен. BAQ.KZ бүгінде қабырғалы ақпарат агенттігіне айналды. Алаштың ақпарат кеңістігінде өзінің орны бар. Білікті журналистерден құралған үлкен ұжымы бар. Туған күндеріңіз құтты болсын, әріптестер! Еңбектеріңіз жемісті болсын», - дейді ол.

2018-2019 жылдар аралығында BAQ.KZ сайтында бас редактор болған Ерлан Оспанның айтуынша, оған BAQ.KZ сайтын мобильді нұсқаға бейімдеу міндеттелген.

«Есіңізде болса, ол – интернетте mobile first концепциясының әбден кемеліне келіп, үстемдік құрып тұрған кезеңі болатын. Ал BAQ.KZ сайтының сол кездегі нұсқасы – қолданушылардың 80% смартфоннан кіріп жатқан заманға сай емес еді. Қолданушылардың сайтқа кіріп, дереу «қашып кетіп жататынын» аналитикалық жүйелерден көрдік. Қазақша айтқанда, қиқа-жиқа ашылатын парақтар мен қолды-аяққа тұрмайтын мультимедиа республикалық портал мәртебесіне ие сайтқа лайық емес-ті», - дейді ол.

Ерлан Оспан ақпарат агенттігінің мерейтойына орай тілегін айтты.

«BAQ.KZ сайтын оның жобалану кезеңінен танимын. Тарих тұрғысынан күлкілі, бірақ адам үшін ғаламат 10 жыл – аз уақыт емес. Өміршең болу үшін қолданушылардың ығына жығылып, өзгеріп тұрды. Өз тұғырында қалуының сыры да сол деп білемін. Ендеше BAQ.KZ ұжымына тілегім – талап пен талғам өзгерген кезеңдердегі осы икемін жоғалтпасын. Ол икем алғырлықпен келеді, ал алғырлық – мол табыс әкелетін тамаша күндер келе жатқанына сенімім мол», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар