Бар өмірін адам емдеуге арнады ол – әріптестері Қалихан Қозбағаров туралы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған Қалихан Қозбағаровты әріптестері «әкеміздей болған жан» деп еске алады. Ол 60 жасында індетке шалдығып, көз жұмды. Бүгін Президент Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалихан Қозбағаров Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1983 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын, емдеу факультетін бітірген. Интернатураны аяқтағаннан кейін Хромтау қаласының аудандық ауруханасына дәрігер –инфекционист қызметіне жіберілді.

1985 жылы невропатолог - дәрігер болып қызмет атқарды. 1997 жылдан бастап Хромтау аумақтық - медициналық бірлестігінің бас директоры, 1999 жылдан бастап Хромтау аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 2003 жылдан 2012 жылға дейін Хромтау орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етті. 2012 жыл желтоқсан айынан күні бүгінге дейін Ақтөбе облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды.

«Хромтау ауданның денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеген кезінде Қ. Қозбағаров өзін ұйымдастырушы және құзыретті басшы қабілетті білікті маман ретінде көрсетті. Оның басшылығымен ауданның денсаулық сақтау саласы жыл қорытындысы бойынша бірнеше рет үздік деп танылып, облыста бірінші орынға ие болды. 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталды. 2002 жылы Қазақстан Республикасының дәрігерлері мен провизорларының екінші съезінің делегаты болып сайланды. 2002 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды», - деп жазды облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасының кәсіподақ ұйымының төрайымы Б.Қожиева.

Әріптестері Қалихан Қозбағаровтың өмірінің соңғы күніне дейін ауруханада ем жүргізгенін айтып, еске алды.

«Қалихан Қозбағаров бар күш-жігерін жұмысқа арнады. Сонымен бірге әріптестеріне талапшыл болды. Біз басшымыздың жарқын бейнесін мәңгі есте сақтаймыз. Шынын айтқанда, ол қызметке келген соң қажетті құрал-жабдық сатып алу, медициналық препараттармен қамтамасыз ету ісі жанданды. Өмірінің соңғы күніне дейін жұмыста жүрді. Ем қабылдады, жансақтау бөліміне түскенге дейін жанымыздан табылды. Бір күні зертханада таңға дейін жүрген едім. Ол да үйіне кетпеді, бірге болды. Сенбі, жексенбі күні де ауруханада жүретін. Әкемізді, туған бауырымызды жоғалтқандай күй кешіп жүрміз», - деді облыстық инфекциялық аурухананың бөлім меңгерушісі Нұржамал Есенғалиева.

Еске салсақ, Қалихан Қозбағаров індетке шалдығын көз жұмды. Оны әріптестері ақтық сапарға шығарып салды.


Соңғы жаңалықтар