Барсакелместің бүгіні мен болашағы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде тұңғыш рет орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін қорғау саласындағы «Елім-ай» респубикалық сыйлығы табысталды. Үздік инспекторлар, орманшылар, табиғатты қорғауға атсалысып жүрген, қорықтар мен ұлттық парктерде қызмет ететін азаматтардың еңбегі 16 аталым бойынша еленді. Арал жеріндегі тарихы терең «Барсакелмес» табиғи қорығы «Үздік қорық» номинациясын жеңіп алды.

Қазақстандағы әйел адам басқаратын жалғыз қорық талай қиын кезеңдерді бастан өткергенімен, бүгінде қызметкерлерінің табандылығының арқасында жұмысын дұрыс жолға қойған. 1954 жылы әкелініп, қорықтың символына айналған құландар саны қорғаудың нәтижесінде қазір 700-ге жетіп жығылады. Бұдан бөлек қорықтың үстіртінде және Қарын-Жарық ойпатында қарақұйрықтар жайылады. Сарыала қаздарды, қабан мен шағыл мысығын кездестіруге болады. Сексеуілімен танымал далада 300-ге жуық өсімдіктің түрі бар.

Осы орайда қорыққа 2003 жылы ғылыми қызметкер болып кіріп, бүгінде директор қызметін атқарып отырған Зәуреш Әлімбетованың «Барсакелместің» болашағы мен қазіргі жағдайы туралы пікірін білген едік.

Жаңа формациядағы жастар және экология

Орман шаруашылығы саласында әйел азаматтарды кездестіру қиын. Барсакелместі қоспағанда, еліміздегі ұлттық парктердің де, қорықтардың да басшылары ер адамдар. Дегенмен Зәуреш Жансұлтанқызы бұл тенденция біртіндеп өзгереді деп есептейді. Себебі экологияға жаны ашып, қызмет етуге дайын жастар өсіп келе жатыр.

«Мен басшы ретінде өз тәжірибемнен айтқым келеді. Кезінде бұл ауыр, жауапкершілігі жоғары, бірақ жалақысы аз сала болғандықтан жастарда мотивация болған жоқ. Дегенмен соңғы жылдары экологиялық проблемаларға жанашыр көзқараспен қарайтын жаңа буын, жаңа формация өкілдері шығып, қызығушылық танытуда. Осы Арал өңірінің өзінде сондай жастар көбеюде. Барсакелмес қорығына жұмысқа кіру де, жұмыс істеу де қиын болғанымен жастар өздерінің Арал секілді тарихи жерде маңызды жұмыс атқарып жатқандарын өте жақсы түсінеді», - дейді З. Әлімбетова.

Қорықтың штатында 26 адам ғана болғанымен, Халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, түрлі бағыт бойынша жұмысты жандандыруға үлгеріп жатыр.

Қорық жері не үшін кеңейді?

«Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-нің жалпы ауданы қазір 163 мың 126 гектарды құрайды. Биыл Үкімет қаулысына сәйкес Сырдария өзенінің Солтүстік Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы жануарлардың, жыл құстарының ұя салып, қолайлы мекен ететін ортасы «Дельта» учаскесі (2300 га) Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының аумағына қосылды.

«Үкіметтің және Дүниежүзілік банктің көмегімен Кіші Арал теңізі қалпына келіп, су айдыны көбейіп, дәстүрлі балық шаруашылығы қайта дамығанын білесіздер. Сөйтіп, халықтың әл-ауқаты біршама жақсарып қалды. Біз айтып отырған Дельта учаскесі аумағында да балық ауланатын. Үкімет 2017 жылы Табиғи экожүйелердi сақтау және қалпына келтiру бойынша жағдай жасау мақсатындағы «Жасыл даму» бағдарламасына сәйкес аталған жерді қорғалатын аумақ құрамына қосу туралы шешім қабылдады. Алғашқы жоспар бойынша 7600 гектар жер кіруі тиіс еді. Дегенмен халықпен сөйлесіп, пікірлерін ескеріп осы жылы 20 тамызда тек балық уылдырық шашатын, құстар қонатын 2300 гектар жер ғана қосылды. Яғни, осы аумақты қорғауға алу арқылы біз құстар мен балықтарды сақтап, көбейте аламыз. Ел-жұртқа балық аулауға болатын жерлер қалатынын барынша түсіндірдік», - дейді қорық басшысы.


Құландар ізімен

«Барсакелмес» деген атауының өзі көңілге әлдеқандай қорқыныш ұялатқанымен, мекеннің қайталанбас ландшафты, тарихы, әсіресе шетелдіктерді көп қызықтыратыны белгілі. Қорық директоры Зәуреш Әлімбетова егер қажетті инфрақұрылым болса, жаңа маршруттарды дамытуға болады деп есептейді. Бұл дала туристері тамсанып қана кететін емес, табиғатты қорғау туралы ойландыратын жер болуы керек дейді, ол.

«Құландар ізімен» деп аталатын экскурсиялық маршрутты дамытып жатырмыз. Оны аралау барысында «Қызыл кітаптағы» түркімен құланын, қарақұйрықты кездестіруге мүмкіндік болады.Арал теңізінің табанынан табылған Кердері-1, Кердері-2 қалашықтарын тамашалайды. Қазір «Халықаралық Аралды құтқару» қорымен, ЮНЕСКО-мен бірлесіп инфрақұрылымды жетілдіру туралы жұмыстарды атқарып жатырмыз. Аралға Ресейден, Украинадан келетін туристердің қызығушылығы жоғары», - дейді қорық директоры.


Тағы бір туристік бағыт – теңіз табанының оңтүстік-батысындағы «Возрождения» аралы. Өкінішке қарай ондағы кемелердің, қайықтардың қаңқаларының көбін сақталмаған.

«Арал Қазақстан мен Өзбекстан территориясында жатыр ғой. Қазақстан жағында қазір адамға ой салатын 16 кеме тұр. Онда барған адам қоршаған ортаға, табиғатқа, суға салғырт қарасақ бәрі құм мен судың арасында қалатынына көз жеткізіп, ой түйіп қайтады. Соның қайталанбауына титтей де болса үлес қоса алатынын түсінеді», - деп пікір білдірді Зәуреш Әлімбетова.


Соңғы жаңалықтар