Барымташылар Нұр-Сұлтанда асыл тұқымды жылқыларды ұрлап, сатуға сойған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында барымташылар асыл тұқымды екі жылқыны ұрлап, сойып, сатуға жөнелткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«15 қаңтар күні белгісіз біреулер елорда тұрғынынан жалпы құны 4,2 млн теңге болатын асыл тұқымды екі жылқыны қолды қылған. Малы ұрланған отбасы бәйгеге шабатын аттарды баптаумен айналысқан», - деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінен.

Барымташылар қораның құлпын бұзып кіргені анықталған. Олар жылқыларды адам қарасы жоқ жерге шығарып, кейін бауыздап, етін көрші облысқа сатуға жөнелткен.

«Мал ұрлығын жасағаннан кейін басқа мемлекетте тіркелген «Тойота» маркалы автокөлікпен іздерін суытқан. Бұл жағдай полицейлердің жұмысын едәуір күрделендіріп жіберді. Алайда, ізкесушілер барымташылардың ізіне түсіп, оларды Алматы қаласынан ұстады», - деп мәлім етті ведомстводан.

Ұсталғандардың бірі көрші облыстағы осындай қылмысқа қатысы бар деп күдікке ілініп отыр. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша оқшаулағышқа қамалған.



Соңғы жаңалықтар