«Барыс» - «Автомобилист» хоккей матчын қайдан көруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынында Ресейдің «Автомобилист» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екатеринбург қаласында өтетін матч екі команда арасындағы 32 ойын болып табылады. Айта кетерлігі, елордалық клуб 21 кездесуде жеңіске жетсе, қалғанында қарсыласына есе жіберді. Сондай-ақ, командалар биыл бес мәрте мұзайдын төрінде шеберлік байқасты. Оның төртеуінде «Барыстың» мерейі үстем болды.

Қазір жалпы турнир кестесінде қос команда қатарлас келеді. Атап айтқанда, 55 ойыннан кейін «Барыс» 75 ұпаймен жетінші, «Автомобилист» 70 ұпаймен сегізінші орында тұр .

Елордалық клуб соңғы үш ойында қатарынан үш мәрте жеңіске жетті. Алдымен бүгінгі қарсыласы - «Автомобилистті» сырт айдында 4:2 есебімен жеңсе, одан кейін елордада «Нефтехимиктен» 2:1, «Авангардтан» 4:3 есебімен басым түсті.

«Автомобилист» және «Барыс» командалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 20.00-де басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар