Бас репродуктолог жүктілік алдындағы вакциналауға қатысты кеңес берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, Қазақстанның бас репродуктологы Вячаслав Локшин жүкті әйелдерге коронавирустың әсері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жүкті әйелдер COVID-19 індетін қиын еңсереді. Сондықтан оның бір ғана баламасы бар, яғни жүкті болғанға дейін вакциналанған жөн. Қарсы көрсетілімдер болмаса, экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламасына дайындалып жүрген пациенттерге вакцинаның екі дозасын алуға кеңес береміз. Екінші екпеден кейін бір айдан соң олар ЭКҰ бағдарламасына қатыса алады. Сонымен қатар, жүктілікті жоспарлап жүрген ерлі-зайыптыларға да осындай кеңес береміз», - деді Вячаслав Локшин Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, егер әйел адам жүкті екенін білмей вакцина салдырса, онда жүктілікті тоқтату бойынша әрекетке бармау керек.

«Тиісті скринингтер бар және соның барасында барлығын көруге болады. Тәжірибе көрсеткендей, жеңіл симптомды формада коронавируспен ауырған әйелдердің жағдайы жақсы болады, нәресте індет жұқтырмай дүниеге келеді. Сондықтан ЭКҰ бағдарламасына, жүктілікке дайындалып жүргендерді вакциналаудың толық курсынан өтуге шақырамын», - деді В. Локшин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, баспасөз мәслихатында вакцинаның бірінші компонентінің орнына екінші компонентін салудың кері салдары болмайтыны айтылды.



Соңғы жаңалықтар