Батыс Қазақстан облысында 21 блокпост жұмыс жасайтын болады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 1 мамыр күні сағат 00.00-ден бастап 21 блокпост жұмыс жасайтын болады. Бұл туралы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен өткен өңірлік жедел штаб отырысында БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсотхан Аблазимов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 26 сәуірдегі қаулысына сәйкес 21 блокпостың жетеуі облыс орталығында, 14-і аудандарда орнатылып жатыр.

Соның ішінде Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қазталов, Теректі және Шыңғырлау аудандарында 2-3 блокпостан қойылмақшы.

«Барлық блокпостарда модульдар орнатылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Әр бекетте полиция департаменті басшылығы сапынан жауапты адам бекітілді. Олар бекет жұмысын ұйымдастырып, басшылық ететін болады.

Блокпостарда екі ауысымда 143 полиция қызметкері жұмыс жасайды, 21 қызметтік автокөлік бөлінді. Соның ішінде 68-і – Орал қаласы полиция басқармасының қызметкерлері. 7 көлік осы басқармаға тиесілі», деді М.Аблазимов.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәлім еткеніндей, облыста соңғы сәуір айында індет өршіп кеткендіктен, карантиндік шаралар күшейтіліп отыр.

Оның сөзіне қарағанда, Ресейдің 83 өңірінде соңғы тәулікте 9284 адамнан коронавирус анықталды. Соның ішінде Батыс Қазақстанмен көршілес Самара облысында – 176, Саратовта – 130, Орынборда – 67, Волгоградта 45 адамнан індет табылды. Эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болғандықтан, бұл елде ішкі локдаун жалғасуда.

«Үндістанда коронавирустың өршуі бүкіл дүние жүзін алаңдатып отыр. Соңғы тәулікте бұл елде 379 мыңнан астам тұрғынның ауырғаны тіркелді. Яғни біздегі бір қаланың халқымен тең деуге болады. Жалпы, індет жұқтырғандар саны 18,3 миллионнан асты. Бір тәулікте 3645 адам көз жұмды. Үндістандық штамның ерекшелігі өте тез таралатындығында. Сондықтан осындай жағдайға жол бермес үшін шектеу шараларын қатаңдатып отырмыз», деді М.Арыспаев.

«1 мамырдан бастап карантиндік шараларды күшейтудегі мақсат – індеттің өршуін болдырмау. Осыны тұрғындар да түсініп, санитарлық талаптарды сақтауы қажет. Облыста өткен жылы індет өршіген шілде айында күніне 120-130 адамнан коронавирус анықталса, қазір 180-200-ге дейін жетіп отыр. Сондықтан барлық сақтық шараларын алуға тиістіміз», деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 1 мамырдан бастап карантин күшейтіліп, блокпостар қойылатынын, Орал қаласында жазасын өтеушілер коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ биыл өңірде коронавирус жұқтырғандар саны 10 мыңға жуықтады.





Соңғы жаңалықтар