Батыс Қазақстанда 25 науқас жансақтау бөлімінде жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 25 науқас жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, қазіргі кезде жансақтау бөлімшелерінде барлығы 88 төсек-орын бар.

Оның айтуынша, 25 науқастың 24-і ауыр, біреуі аса ауыр халде. Инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 1, инвазивті емес осындай құрылғыға 10 пациент қосылған. Олардың 14-і жүрек-қан тамырлары аурулары, 8-і қант диабетіне шалдыққан.

Облыстық жедел жәрдем стансасына соңғы аптада 5 950 қоңырау шалынса, соның 773-і (12,9 пайызы) КВИ-мен байланысты болып, 122 науқас стационарға жатқызылды. Өткен тәулікте жедел жәрдем шақыртқан 912 адамның 103-і ковид бойынша қаралып, 23 науқас ауруханаға түсті.

Күні бүгін 821 адам амбулаторлық ем алуда.

А.Қалибековтің сөзіне қарағанда, ауру жұқтыру көрсеткішінің төмендеуіне байланысты 128 инфекциялық және 100 карантиндік төсек-орындар жабылды. Атап айтқанда, Шыңғырлауда 30, Теректі аудандық ауруханасында 8, «Кумыскада» 90 инфекциялық, «Ивушкада» 100 карантиндік төсек-орын қысқартылды. Қазіргі кезде облыс бойынша 931 төсектік 16 инфекциялық стационар жұмыс жасап жатыр. Бұларда 272 науқас (толымдылығы – 29,2 пайыз) емделуде.

Пандемия басталғаннан бері өңірде коронавирус жұқтырған 38 230 адамның 30 705-і немесе 80,3 пайызы жазылып шықты. Солардың 14 328-і стационарлық, 16 377-сі амбулаторлық ем алды. Індет тіркелгеннен бері барлығы 791, соның ішінде биыл 622 адам өмірден озды.

Басқарма басшысы облыста «Спутник V», «QazVac», «Vero Cell» вакциналары жеткілікті көлемде бар екендігін айтты. 15 қазанға дейін 228 888 адам вакцинаның бірінші, соның ішінде 206 850-і екінші компонентімен егілді.

«Соңғы екі аптада коронавирус көрсеткіші 18,4 пайызға кемігенімен, науқастарда, әсіресе, қауіпті топтағыларда өкпе тез зақымданып, ауру ауыр түрде өтуде. Қауіпті топқа жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабетімен сырқаттанатындар және артық дене салмағы барлар жатады. Сондықтан екпе алудың адамның өзін және жақындарын ковидтен қорғаудың ең сенімді тәсілі екендігін тағы да еске саламыз. Вакцина алғаннан кейін сырқаттанып қалғанның өзінде ауру жеңіл өтеді, емдеуге де оңтайлы», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да он мектепте 12 сыныптың карантинге жабылғанын, үйінде оқшаулану талабын бұзғандар 6 млн теңге айыппұл төлегенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да шекарада санитарлық қадағалау шаралары күшейтілді.





Соңғы жаңалықтар