Батыс Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 80 пайызға жуығы жазылып шықты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандардың 80 пайызға жуығы жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманованың өңірлік коммуникациялар қызметінде мәлім етуінше, осы кезге дейін облыста 11 947 адам індет жұқтырса, соның 6 377-сі – ауру белгісі барлар, 5 570-і – симптомы жоқтар.

Дертке шалдыққандардың 9 554-і немесе 79,9 пайызы емделіп шықты. Соның ішінде 4 188-і стационарда жатса, 5 366-сы амбулаторлық ем алды.

Өңірде 199 адам коронавирустан көз жұмды.

Гүлнәр Мақсотқызының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 591 төсектік 7 жұқпалы аурулар стационарында 351 адам емделіп жатыр. Сондай-ақ 185 төсектік 4 карантиндік стационарда 31 науқас жатыр.

Жұқпалы аурулар ауруханаларындағы 62 төсектік жансақтау бөлімшелерінде 27 науқас бар. Бұлардың ішінде 9-ы – 35-60, 15-і – 60-80 жас аралығындағылар, үшеуі – сексеннен асқандар. 22 науқастың созылмалы сырқаты бар, соның ішінде 16-сы жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан.

«Күні бүгін инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына 3, оттегі концентраторына 11, орталықтандырылған оттегі көзіне 101 адам қосылған. Қосымша 1996 төсектік резервтік қор әзірленді, соның 1221-і инфекциялық, 775-і карантиндік стационарда дайын. Емханаларда COVID-19 және пневмония белгілері, созылмалы сырқаты бар пациенттерді, сондай-ақ көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдер мен балаларды үйде бақылау үшін 124 мобильді бригада жұмыс жасауда. Мобильді бригада тәулігіне орта есеппен 280 шақыруға барады, соның ішінде 70-і коронавирус бойынша», - деді Г.Әбдірахманова.

Еске сала кетейік, Батыс Қазақстан облысында карантинге жабылған мектептер саны 13-ке жетті.



Соңғы жаңалықтар