Батыс Қазақстанда мас күйінде рульге отырған 534 жүргізуші жауапкершілікке тартылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері мас күйінде рульге отырған 534 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде осы айда автокөлікті мас күйінде айдаған 69 адам тіркелді.

Кеше ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабын бұзған 3 жүргізуші анықталды. Енді олар көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамалуы мүмкін.

Тіпті бір мас жүргізуші 20 сәуір күні екі рет жол-көлік оқиғасын жасады. Шамамен сағат 00.30-да 1993 жылғы К. деген жүргізуші «ВАЗ-21102» автокөлігімен келе жатып, 1988 жылғы жүргізуші айдаған Toyota Corolla автокөлігін соққан. Содан Toyota Corolla жолда тұрған Volkswagen Passat автокөлігіне қағып өткен. Бұдан кейін сол жерден қашып кеткен К. сағат 01.00-де рульге ие бола алмай, қарсы бетке шығып кетіп, жол шетінде тұрған Merсedes Benz маркалы автобусқа соғылып тоқтаған. Медициналық куәландыру нәтижесі К-ның мас күйінде болғанын көрсетті.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік иелеріне елеулі түрде зиян келтірілді.

Мас жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабы 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Бұл бап бойынша 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған. Жүргізуші сонымен қатар көлік иелеріне шығынды өтейді.

БҚО полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, көптеген қылмысты тұрғындар мас күйде жасайды. Осының алдын алу мақсатында бір тәулік ішінде уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 21 мас адам жеткізілді. Бұлардың саны жыл басынан бері 2 215-ке, сәуір айында 506-ға жетті.

Сондай-ақ ішімдік ішкені немесе қоғамдық орынға мас күйінде келгені үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 440-бабына сәйкес биыл 2 556, соның ішінде сәуірде 178, бір тәулік ішінде 10 адам жауапкершілікке тартылды.


Соңғы жаңалықтар