Батыс Қазақстанда майдангерлерге 1 млн теңгеден беріледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 9 мамыр – Жеңіс күніне орай жергілікті бюджеттен төленетін біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшері белгіленді.

Атап айтқанда, Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне (40 адам) 1 млн теңгеден төленеді.

Сондай-ақ қоршаудағы Ленинград тұрғындарына (3 адам), фашистік концлагерьлер мен геттолардың кәмелетке толмаған тұтқындарына (9 адам) және кеңес әскерінің ерікті жалданушы құрамында болғандарға (3 адам) 120 мың теңгеден беріледі.

Сол секілді қайтыс болған майдангерлердің әйелдеріне (349), соғыс кезінде тылда еңбек еткендерге (4 543), Таулы Қарабақта, Иракта және тәжік-ауған учаскесінде ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілерге (317) 30 мың, бейбіт уақытта қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына (231) 60 мың теңгеден төлеу қарастырылған.

Оған қоса соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға, фашистік лагерьлер тұтқындары мен қоршаудағы Ленинград тұрғындарына, 5 АЕК (14 585 теңге) көлемінде коммуналдық қызметтерді төлеуге ай сайынғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

«Осылайша биылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу аясында барлығы 5 495 адамға жергілікті қазынадан 211,9 млн теңге біржолғы әлеуметтік жәрдем берілмекші», деп хабарлады БҚО әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар