Батыс Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтыру көрсеткіші 8% төмендеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда коронавирус жұқтыру көрсеткіші 8 пайызға (79-ға) азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, соңғы тәулікте 108 адамнан індет табылса, 44 науқас жазылып шықты.

Індет басталғалы 20577 адам (11956-сы – ауру белгісі барлар, 8622-сі – симптомы жоқтар) тіркеліп, соның 15937-сі сауығып шықты. 294 науқас көз жұмды.

Жыл басынан бері 11356 адамнан анықталса, соның 58 пайызы (6589-ы) Орал қаласы, 12,7 пайызы (1447-сі) Бәйтерек, 10,9 пайызы (1242-сі) Бөрлі ауданының үлесіне тиеді.

Басқарма мәліметіне қарағанда, облыста 18 инфекциялық стационар 47,1 пайызға толған (1123 орында 529 науқас жатыр).

Соның ішінде қалада 600 төсектік 5 ауруханада 436 адам (72,6 пайыз) емделуде. 72 төсектік жансақтау бөлімшесінде 31 науқас (43,1 пайыз) жатыр.

«Өңірде тұрғындарды коронавирусқа қарсы егу жұмыстары жалғасуда. Бүгін Орал қаласындағы «Мәскеу» базары аумағында да егу кабинеті ашылды», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда КВИ жұқтырғандардың 60 пайызға жуығы Орал тұрғындары екендігін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар