Бауыржан Байтанаев: Түркістанның тарихы Күлтөбеден басталады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Күлтөбе қалажұрты - қазіргі Түркістанның негізі қаланған жер. Сондықтан да қатпарлы тарихтың сырын ішіне бүккен осынау қасиетті орынға қазақстандық қана емес, әлемдік ғалымдар қауымдастығының қызығушылығы жоғары.

Қазір осы көне қалажұрт мекенін зерттеу жұмыстарын Еуразиялық Топтың (ERG) қаржылық қолдауымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының (ҚазҒЗМИ) қызметкерлері жүргізіп келеді. Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Байтанаевпен сұхбатымыз осы Күлтөбенің ерекше археологиялық ескерткіш ретіндегі мәртебесіне де қатысты болған еді.

-Бауыржан Әбішұлы, сұрағымызды қазіргі күні Қазақстан аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу орындары туралы әңгімеден бастайықшы...

-Жалпы бұндай зерттеулер Қазақстанның барлық дерлік аумағын қамтып жатыр. Жыл сайын көктемде Оңтүстік, Шығыс, Солтүстік, Батыс және Орталық Қазақстанға экспедициялар жіберіледі. Оңтүстікте археологтар Түркістандағы Күлтөбе қалажұрты сияқты маңызды археологиялық нысанда, сондай-ақ Отырар мен Испиджаб орындарында қызу жұмыста. Қаратау бөктеріндегі әр түрлі қорғандар, кіші қорғандар және ежелгі қоныстар зерттелуде. Орталық Қазақстанда Тасмола және Андронов мәдениетінің ескерткіштері, Батыста сармат өркениетінің ескерткіштері зерттелуде. Археологтар Берел мәдениетінің (Алтайдың алғашқы көшпенділері), түріктердің, сақ өркениетінің ескерткіштеріне де ден қойды. Жалпы ауқымды археологиялық зерттеулер арқасында ғана біз өткен тарихымыздың беймәлім құпиясын аша аламыз.

- Ендеше, осы зерттеліп жатқан тарихи нысандардың қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?

- Әрине, әрбір археологиялық орынның өзіндік ерекшелігі бар. Әйтсе де, Күлтөбе қалажұртындағы ауқымды археологиялық зерттеулерді ерекше атап өтер едім. Бұл – қазіргі таңда Қазақстандағы төменгі қабаттары толық зерттелген бірден бір археологиялық нысан. Соның арқасында қазірдің өзінде бізде осы тарихи мекеннің екі мың жыл бұрынғы көрінісі қалай болғаны туралы нақты түсінік қалыптасып отыр деуге болады. Күлтөбеде ашылған жаңалықтар сол кездегі сәулет өнеріне, атап айтқанда діни ғимараттарға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Белгілі қазақстандық археолог, марқұм Ерболат Смағұлов крес тәрізді құрылымды тауып, зерттеген еді. Сол арқылы құрылымдардың мұндай орналасуы ежелгі дәуірден бастау алатындығы анықталды.

Кезінде Сырдарияның төменгі ағысында біздің дәуірге дейінгі III-II ғасырларда антикалық қала мәдениеті болған. Егер Әмудария бойында Грек-Бактрия мемлекеті және Ұлы Александрдың ұрпақтары - Селевкидтер мемлекеті болса, онда Сырдария бойын - массагеттер, даис, дахс және басқа тайпалар мекендеді. Біздің заманымызға дейінгі II ғасырдан бастап Сырдарияның гидрорежимі өзгеріп, арнасы ауа бастайды. Төменгі ағысы өзгерген кезде, оның бойындағы қалалардың тіршілігі де тоқтады, ал тұрғындар Сырдарияның ағысына қарай жоғары жылжып, тіршілікке, егін егуге қолайлы жерлер іздей бастады. Антикалық сәулет өнерінің белгілері бар қалалар жоспары да осылай пайда болған деуге тура келеді. Соның ішінде Түркістан бастау алатын Күлтөбе қалашығы да осылай пайда болды деп жорамалдай аламыз. Әйтсе де, мен Түркістанның түп тамыры одан да ерте дәуірлерге кетеді деген ойдамын. Біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың ортасынан бастап Андронов мәдениетінің тайпалары осында тұрақты өмір сүрді. Бұған дәлел ретінде Түркістан аумағында осы мәдениетке тиесілі қорымдардың болғанын айта аламын. Сондықтан да, қала аумағындағы ежелгі қоныстардың негізін табу тек уақыттың еншісінде қалып тұр.

- Сіз айтып отырған археологиялық ескерткіш қаншалықты маңызды? Оның басты құндылығы неде?

- Күлтөбені зерттеу Түркістан тарихының біз ойлағаннан да көне екендігі туралы нақты қорытынды жасауға мүмкіндік берді. Жалпы Түркістанның жасы туралы сұрақ туындағанда советтік кезеңдегі мәліметтер пайдаланылғаны белгілі ғой. Сол тұста Ерболат Смағұлов ғылыми-танымдық альманахта «Түркістан неше жаста?» деген мақала жариялаған болатын. Ғалым қазба жұмыстарында табылған қыш материалдар мен түрлі жазба деректерге талдау жасады. Сосын Түркістан V ғасырда пайда болды, демек, бұл қалаға 1500 жыл болғандығын білдіреді деген болжам жасады. Осы дерек негізге алынып, 2000 жылы Түркістан өзінің 1500 жылдығын атап өтті. Айта кетерлігі, бұл іргелі зерттеулерсіз, совет кезеңіндегі зерттеу материалдарына сүйенген дата болатын. Ал Түркістанның мерейтойы өткеннен кейін 2004 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында тыңғылықты зерттеулер жүргізілді. Археологтар бірқатар жаңалықтар ашты, соның маңыздысы – Түркістанның жасы. Күлтөбені зерттеу нәтижесінде Түркістан дәуіріне деген көзқарас өзгеріп, қазір біз қаланың жасы кем дегенде 2200 жыл екенін сенімді түрде айта аламыз. Тіпті қаланың іргетасы одан да бұрын қаланған болуы мүмкін.

- Үш жыл бойы осы Күлтөбе қалажұртында ғылыми зерттеулерді ҚазҒЗМИ ғалымдары жүргізіп келеді. Олар археологиялық зерттеулер, консервациялау, ішінара қалпына келтіру, этноәлеуметтік және мәдени зерттеулерді қамтитын кешенді тәсілдерді қолданып жатыр екен. Археологиялық орындарды зерттеудегі осындай тәсілдерді қалай бағалайсыз?

- Әрине, бұл тәсіл жақсы нәтиже алуға мүмкіндік береді, өйткені жұмыс бірден бірнеше бағытта жүреді. Осы ретте әріптестерім жүзеге асырып жатқан жобаны жеке инвестор қаржыландырып жатқанын айта кеткім келіп отыр. Осының өзі ғылыми жұмыстағы ең үлкен артықшылық. Екіншіден, мен ғылымды мемлекет қана емес, ірі бизнес те осылай қолдап отырғанына өте қуаныштымын. Бұл Қазақстандағы алғашқы жағдай шығар. Жалпы қазақстандық ғылымды және археологияны дамытуға іскер адамдарды көбірек тарту қажет деп санаймын.

Ал жоба жайында айтар болсақ, оның бірегейлігі - бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тарихи ескерткіште жүргізіліп жатқан алғашқы ауқымды археологиялық зерттеу. Бұған дейін осы секілді қыруар күш пен ресурстарды қажет еткен экспедициялар тек Совет Одағының дүркіреп тұрған кезінде ғана болып еді. Рас. Масштабын асыра айтып отырған жоқпын. Тіпті мұны Тәжікстанда археологиялық зерттеулер жүргізген Пенджикент экспедициясымен және совет уақытындағы кең көлемді Отырар экспедициясымен салыстыруға ғана болады.

Күлтөбеде 30 гектардан астам алқапта қазба жұмыстары жүргізілуде, қазірдің өзінде қаланың бірнеше ғасыр бұрын қандай болғанын көре аламыз. Сонымен қатар тарихи нысандарды консервациялау және ішінара ғылыми қалпына келтіру секілді маңызды жұмыстар да атқарылып жатыр. Консервациялау да, қалпына келтіру де ЮНЕСКО стандарттарына сәйкес жүргізіледі. Мұны да ерекше атап өтуге болады, себебі өкінішке қарай, Қазақстанның барлық тарихи орындары дәл осындай стандарттарға сәйкес келе бермейді. Күлтөбе ЮНЕСКО-ның Әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген, еліміздің басты тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі - Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің буферлік аймағында орналасқан, сондықтан жобаны жүзеге асырушылар қателікке жол бермейді. Қалажұртта жүргізілген жұмыстар халықаралық стандарттар мен ережелерге сәйкес жүзеге асырылып, кейіннен халықаралық сарапшылардың қорытындыларымен расталады.

Стандарттарға сәйкес, егер тарихи нысанның сақталуы 70% -ға жетпесе және оны бейнесі бар фотосуреттер мен сызбалар болмаса, ол қалпына келтірілмейді, бірақ сақталады. Егер растайтын құжаттар болса, онда нысанды ғылыми қалпына келтіру жүзеге асырылады. Түркістанның Верещагин мен Приоровтың фотосуреттері және Вележевтің XIX ғасырдағы қаланы бейнелейтін суреттері сақталған. Сондықтан да мамандар XIX ғасырдың горизонтында жұмыс істей отырып, сол құжаттар арқылы сол кездегі тарихи нысандарды қалпына келтіруге қолдана алады. Сонымен қатар, XIX ғасырдың горизонтын сақтау қажет пе немесе оны барлық аймақтарда тереңдету керек пе деген даулар болды. Мен мұны қажет деп санаймын. Туристерді сол кездегі көшелермен жүріп, қала тұрғындарының қалай өмір сүргенін білу ​​қызықтырады.

- Күлтөбеде жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобаның басты мақсаты - ашық аспан астында «Күлтөбе қалажұрты» археологиялық саябағын құру. Оның әлеуетін қалай бағалайсыз?

- Менің ойымша, бұл туристер үшін аса қызықты орын бола алады. Қазіргі заманғы туризм үшін кез келген тарихи орынның ежелгі шығу тегі туралы әдемі сөздер жеткіліксіз. Туристер шынайы археологиялық фактілерді көзбен көріп, ежелгі көшелермен жүріп өтуге, ежелгі үйлер мен ғибадатханаларға баруға қызығады. Міне, дәл осындай мүмкіндік Күлтөбеге келген туристерге беріледі. Ал бұл орынның маңыздылығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып жүр. Қала тарихы Күлтөбеден басталды, бүкіл қазақ халқы үшін маңызды шешімдер де осында қабылданған. Күлтөбе қалажұртында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер аса маңызды. Бұл кең байтақ Еуразия халықтары мәдениетінің ықпалдастығы мен өзара әсер ету процестерін зерттеудегі басты ескерткіш ретінде күллі түркі жұртының киесі саналатын Түркістанның мәртебесін одан әрі нығайтып, туристерді көптеп тартуға септігін тигізеді.

Сөз соңында тарихи нысандарды консервациялау мен ішінара қалпына келтіру жұмыстарын дұрыс жүргізу ғана емес, сол жұмыстарды сақтаудың да маңызды екенін айтқым келеді. Күлтөбедегі сәулет агрессивті сыртқы ортаның әсеріне төтеп бермейді, сондықтан саябаққа үнемі күтім жасау қажет екені айдан анық. Осы тұрғыдан алғанда ҚазҒЗМИ Күлтөбеде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, сондай-ақ тарихи ескерткіштерді консервациялаумен және ішінара ғылыми қалпына келтірумен айналысып жатқаны қуантады. Менің білуімше, ашық аспан астындағы саябақты абаттандырумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Бұған дейін туристер мен зиярат етушілер Түркістанға тек Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тәу ету үшін барса, алдағы уақытта олар Қазақстандағы ең ежелгі қаланың орнын, ғимаратын тамашалау мүмкіндігіне ие болатыны сөзсіз. Түптеп келгенде, әрбір адам Түркістанның айналасындағы бағзы заман ескерткіштері арқылы осынау киелі мекендегі ерекше аураны сезіне алады деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар