Баян-Өлгейден шыққан жас граффити-суретші - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Горганда Қазақстан мен Иранның мәдени кеші өтті - Фарс


Горган қаласында Иранның Мәдени мұра, қолөнер және туризм министрі Әли Асқар Мунесан мен Қазақстанның Ирандағы Елшісі Асқат Оразбайдың қатысуымен екі елдің мәдени кеші өтті, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған агенттігінің хабарлауынша, жексенбі күні кешке Горган қаласының Фахреддин Асад Горгани концерт залында өткен Қазақстан мен Иранның мәдени кешінде парсы және қазақ музыкалық топтары өнер көрсеткен.


Иранның Мәдени мұра, қолөнер және туризм министрі осы кеште сөз сөйлеп, мәдени шаралар екі халықтың бір-бірін жақсырақ тануына көмектесіп, тұрақты достық қарым-қатынастың дамуында маңызды рөл атқаратынын айтқан.


«Аймақтық қарым-қатынасты кеңейту – Иранның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Аймақтық деңгейде мәдени кеш сияқты іс-шараларды өткізу ұлтаралық байланыстардың арта түсуіне септігін тигізеді», - дейді аталған басқосуда сөз сөйлеген ирандық министр Мунесан.


Баян-Өлгийден шыққан жас граффити-суретші - Kaznews


Жалпы көпшілік граффити өнерін Сәуле Серікбайқызының туындылары көру арқылы түсінеді деуге болады. Сәуле Серікбайқызының туған жері – Баян-Өлгей аймағы. Сол жердегі «Дарын» орта мектебінің түлегі. Қазақстан Республикасының Қарағанды Мемлекеттік университетін Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша тәмамдаған, деп жазады Kaznews ақпараттық порталы.


Айта кету керек, граффити – ғимарат қабырғаларына, металл бұйымдарға сызылған және жазылған арнау мәніндегі және магиялық тұрмыстық сипаттағы жазулар деп түсінуге болады.

Жас суретші бұл өнерге өз таңдауы арқылы келгенін айтады. Оның бала күнгі арманы суретші болу емес екен. Сурет салуды да оған ешкім үйретпеген. Бұл өнерге өз таңдауым арқылы ғана келдім деуге болады дейді ол.


«Бала күнгі арманым суретші болу емес еді. Бірақ сурет салуға деген махаббатым мені суретші болуға жетеледі. Бұл өнер әкемнен дарыған деп ойлаймын. Өйткені әкем қалалық архитектор қызметін көптеген жыл бойы атқарған. Сурет салуды маған ешкім үйретпеді. Бұл менің таңдауым. Өзіме ұнайды», - дейді Сәуле Серікбайқызы.

Оның ғимарат қабырғаларындағы граффитиден де өзге туындылары да көп. Моңғолиялық қандасымыз бұған дейін көптеген көрмелерге туындыларын таныстырыпты.

Нұр-Сұлтан қаласы мен Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында С. Серікбайқызы салған стрит-арт суреттері бар екен.

«Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында көлемі үлкен, шеге және жіп арқылы жасалған туындым 1 миллион теңгеге бағаланған. Бұған дейін Қарағанды әкімінен 2011 жылы «Халық шебері» атағымен марапатталғанымды еске аламын», - дейді жас граффити-суретші.

Оның айтуынша, Баян-Өлгейдегі граффити мен стрит-артқа сұраныс бар көрінеді.

Сәуле қазір қабырғаларға сурет салуға тапсырыстармен жұмыс жасап жатқанын айтады. Оған әлеуметтік желі арқылы да тапсырыстар жиі келіп түседі екен.

Ол бұл жазбада өзінің сурет салу стиліне тоқталған. Сондай-ақ жас өнерпаз музыкалық талғамы туралы да ойын бөліседі. Оның музыка жанрына айырықша талғамы жоқ болса да сурет салғанда үнемі музыка тыңдап отырғанды ұнатады екен.



«Мен сюрреализм (модернистік өнердің бір бағыты) бағытында сурет салғанды ұнатпаймын. Басқа бағыттың бәрін ұстанамын. Сурет сызуды бастасам бітіруге асығамын. Бір туындыны сызып бітіру бір апта уақыт жұмсаймын... Музыка жанрына талғамым жоқ. Ұнаса тыңдай беремін. Музыка тыңдап жүріп сурет салғанды дұрыс санаймын.», дейді Сәуле Серікбайқызы.

Жас граффити-суретшінің ендігі арманы суретші балаларға арналған арт-мектебін ашу.

«Менің арманым болашақта суретші балаларға арналған арт-мектебін ашу. Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша білім алғандықтан ба балалармен жұмыс жасағым келіп тұрады . Аймағымызда да сурет салуға қызығатын балалар көп. Бірақ бізде дамыту орталықтары аз. Балалардың өнерін дамытуға аз да болса да үлес қосқым келеді», деп ойын түйіндейді жас суретші.


Ташкентте алғаш рет үлкен бокс кеші өтеді - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


3 сәуірде Ташкенттегі «Humo Arena» мұз сарайында Рио-2016 Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, кәсіпқой бокстан WBA және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Муроджон Ахмадалиевтің келесі жекпе-жегі өтеді, деп хабарлайды «ӨзА» агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, онда өзбекстандық боксшы чемпиондық белбеуін жапондық Риосуке Ивасаға қарсы жекпе-жекте қорғайды. Сондай-ақ, жыл шайқасы кешінде бұдан бөлек өзбекстандық танымал боксшылар Исроил Мадримов, Шахрам Гиясов, Хасанбой Дусматов, Икболжон Холдоров, Миразизбек Мирзахалилов, Баходир Джалолов, Елнұр Абдураимов, Санжар Турсуновтар да рингке шығады.

«WBA және IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы Муроджон Ахмадалиев осы кеште алғаш рет чемпиондық белбеуін қорғайтын болады», деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.


«8 наурыз қызылтушысы - Нұрбақыт Мұсақызы» - CNR


Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, мұндай атақ Қытайда отбасы мен жауапты қызметін қатар алып жүрген ең үлгілі, үздік азаматшаларға ғана беріледі екен.

Биылғы жылы Шыңжаң өлкесі бойынша үздік қызметкер атанған қандасымыз Нұрбақыт Мұсақызы Алтайдағы «Қазақ емшілігі шипаханасы» деп аталатын аймақтық емхананың денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, бас мейірбике болып жұмыс істейді, деп хабарлайды kazakcnr.com.


Аталған БАҚ-тың дерегінше, Нұрбақыт тек қызметте ғана үздік емес, отбасында да үлгілі әйел. Жұбайының қызметін барынша қолдап, қарт енесіне қарайласып, балаларын да жақсы тәрбиелеп келеді.

Ол 1989 жылы медицина колледжінен оқу бітіргеннен қазірге дейін Алтай аймақтық қазақ емшілігі емханасында қызмет істейді. Н. Мұсақызы қашанда науқастың мүддесі бірінші орында деп есептейді. Ол өзіне қатаң талап қойып, үнемі ізденісте жүреді. Соның арқасында «Үлгілі қызметкер», «Үздік медбике бастығы» деген секілді көптеген сыйлықтар алған.

Ол өткен жылы өзі тұратын өңірде індетке қарсы тұру шаралары басталған уақытта да көпке үлгі болған белсенді қызметкердің бірі еді.


«2020 жылы қаңтар айында, ол қызмет ететін Алтай аймақтық қазақ емшілігі шипаханасы өңір бойынша коронавирустық пневмония негізінде өкпе қабыну ауруын емдейтін емхана етіп белгіленді. Сол кезде Нұрбақыт жұмыс орынында қалып қызмет істеуді өтініш етті», деп жазады қытайлық БАҚ.

Ол осы сияқты ұзақ жылдық жұмысында қашанда басқаларға үлгі болып келген. Сол себепті биыл Нұрбақыт Мұсақызы Шыңжаң өлкесі бойынша әйелдер күніне орай ең үздік қызметкер ретінде «8 наурыз қызылтушысы» деген мәртебелі атаққа ие болды. Бұл жыл сайын санаулы адамдарға ғана берілетін жоғары марапаттардың бірі.


Айта кету керек, Қытайдағы қазақ медицинасы - қазақ шипагерлігі, қазақ емшілігі деп аталады. Заманауи медицина қалыптасқанға дейін халық емшілігі рөлі зор болғаны белгілі. Қазақ дәстүрлі медицинасын бүгінде Қытайда тұратын қазақтар өздігінше дамытып, заман көшіне ілестіруге күш салып келеді. Ұлтымыздың дәстүрлі ем-домдары қазіргі ғылым мен техника дамыған заманда да өз құндылықтарын жоғалтқан жоқ. Қазақтың шипагерлік дәсүрін заманауи емдеу-денсаулық сақтау iстерiмен ұштастыру мақсатында 1985 жылы Қытайдың Алтай аймағынан тұңғыш рет «Алтай аймақтық қазақ шипаханасы» ашылды.


Бүгінде қазақ шипагерлiгiнiң ғылыми тұрғыдан жұмыс жүргiзуiне жан-жақты мүмкіндіктер ашылған. Мұнда сан ғасырлар бойы емдеудің үлгілері бұлау, сынықшылық, бөбектердi маймен сылау секiлдi сан түрлi озық дәстүрлі әдiстер кеңінен қолданылады. Қажырлы еңбектiң нәтижесiнде «Нарықталғы», «Iшкi айықтырғы», «Қаптек сырқатнама» қатарлы 9 бөлiмдi оқулық құрастырылып, Қазақ емшiлiгi жоғары оқу орындарында оқытыла бастаған.

Моңғолиялық әйелдер туралы ең қызықты 5 дерек - Kaznews


Әлемнің бірқатар елдері халықаралық әйелдер мерекесін атап өтті. Айрықша сыйлық беріп, нәзік жанды аруларға құрмет көрсетті. Түрлі тосынсыйлар жасап, мерейін асырды. Ал біз әйелдер жайлы ең қызықты деректермен бөліспекпіз, деп жазады моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ моңғолиялық әйелдерді негіз ете отырып бес қызықты ақпаратты жариялаған екен.

Моңғолияда әйелдер бойының орташа ұзындығы 157.7 см. Бұл сондай ұзын немесе қысқа көрсеткіш емес екен. Өйткені әлемде ең ұзын әйелдер Голландия, Монтенегро, Эстония қатарлы елдерде тұрады. Олардың ұзындығы 170 см. Ал, бойы ең қысқасы Гуатемалада әйелдері. Олардың орташа ұзындығы 149.38 см. деп жазады моңғолиялық БАҚ.


Аталған басылым Моңғолиямен деңгейлес елдерді салыстырып, әлем әйелдерінің бойының өлшемін суретпен көрсеткен.

Екінші қызықты ақпарат ретінде, Моңғолияда әйелдердің үйлену жасы айтылады. Аталған елде әйелдердің тұрмыс құратын жасы орташа есеппен – 26 жас болып саналады екен.

«2010 жылғы статистикада Моңғолиядағы некеге тұрудың орташа жасы 24.2 болса 2017 жылы 24.5, соңғы үш жылда яғни 2018, 2019, 2020 жылы 26 жасқа дейін өскен. Үйлену жасының ұлғаюы дамыған елдерде көптеп кездеседі. Мысалы Швецияда мен Испанияда әйелдердің үйлену жасы 33-ке жеткен», деп жазады Kaznews.

Үшінші ақпарат моңғолиялық нәзік жандылардың өмір сүру ұзақтығын тілге тиек етеді. Аталған елде әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 76 жас.

Моңғолияда әйелдер ерлерге қарағанда 10 жас артық жасайды. Әйелдердің орташа жасы 2014 жылы 75.49 болса ерлердікі 65.91 болған. 2020 жылғы мәлімет бойынша елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасты құрайды.

«Моңғолиядағы әйелдердің бет әлпеті қандай деп ойлайсыз», деп жазады төртінші қызықты ақпаратта.


«Глазго университетінің ғалымдары 2013 жылы қызықты зерттеу жасаған. Олар заманауи құрылғы пайдалана отырып дүниежүзіндегі адамдардың орташа бет әлпетін анықтаған. Төменгі суреттен моңғолиялық әйелдің бет әлпетін көруіңізге болады», деп мәлімдейді моңғолиялық БАҚ.

5-ші бір қызық ретінде моңғолиялық әйелдердің саяси белсенділігі өскенін айтады аталған басылым.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Моңғолияда әйелдердің саяси белсенділігі өскенімен 2016 жылғы Парламент сайлауындағы 30 пайыздық квотаны 2020 жылғы сайлауда 20 пайыз болғаны үлкен сынға ұшыраған. Ал, 2020 жылғы Парламент сайлауында екі үлкен партиядан 33 әйел атын ұсынып, 13 әйел депутат атанған. Сондай-ақ, Үкімет мүшесі қызметін 4 әйел атқарып отырғанын тілге тиек етеді моңғолиялық БАҚ.


БАӘ Байқоңырдан жерсерік ұшырады - TRT


«DMSat-1» атты зымыранның 20 наурызда Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатыны жарияланды. Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлады.

Біріккен Араб Әмірліктері аймақтық климат өзгерістерін бақылау және мәлімет жинау мақсатымен ғарышқа «Нанометриялық серік» жолдайды.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Біріккен Араб Әмірліктері Дубай медиа офисінен жасалған мәлімдемеде «DMSat-1» атты жерсеріктің 20 наурызда Қазақстандағы Байқоңыр Ғарыш айлағынан ұшырылатыны жарияланған.

«Мәлімдемеде «Нанометриялық серік« атты көзге түспейтін бөлшектерді зерттеу ерекшелігіне ие жерсерік арқылы ол аймақтық климат өзгерістері, қоршаған орта, ауа райы және парниктік газдардан туындаған кірленуді бақылайтыны, оларға байланысты мәлімет жинайтыны хабарланды», деп жазады TRT.


Соңғы жаңалықтар