Бәйдібек ауданындағы ауыл мектебіне 2 «BILIMBook» тақтасы мен 50 компьютер табысталды

None
None
БӘЙДІБЕК.ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы ауыл мектебіне 2 «BILIMBook» тақтасы мен 50 компьютер табысталды.

Жергілікті кәсіпкер Кеңес ауылындағы Ө.Жолдасбеков атындағы жалпы орта мектебіне жалпы құны 13 млн 400 мың теңге тұратын заманауи оқу-құрал жабдықтарын сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Барлық пәндер бағдарламасын қамтыған, интернет байланысын қажет етпейтін заманауи құрылғылар оқушыларға үш тілде білім алуға мүмкіндік береді. Қазір екі «BILIMBook» тақтасы, елу компьютер, бес принтерден тұратын жабдықтар мектептің 4 оқу кабинетіне орналастырылып, алдағы уақытта оқушылардың игілігіне пайдаланылмақ.

Өңірдегі мектептердің ішінде алғашқы болып орналастырылып отырған «BILIMBook» тақтасының мүмкіндігі ерекше. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалатын оқушыларға да бұл заманауи тақтаның көмегі тиері сөзсіз.

Мектеп ұстаздарының айтуынша, мұндай жабдықтар тіпті республикадағы мектептерде де табыла бермейді.

Атап өтейік, кәсіпкер Мэлс Ешмұратовтың игі істері мұнымен шектелмейді. Ол жуырда ғана ауыл жастарына арнап құны 15 млн тұратын спорт кешенін салып берген болатын.


Соңғы жаңалықтар