Байдың табысында кедейдің несібесі бар - ай сайын 50 отбасына көмектесетін ұстаз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ол - 31 жастағы мұғалім, 4 баланың әкесі. Ол аптаның алты күнінде «Санды өрнектер, әріпті өрнектер жалпы түрде «математикалық өрнектер» деп аталады» деп жас ұрпаққа математиканы үйретсе, жексенбі күнгі уақытын қайырымдылыққа арнайды. Бұл мақала білім мен қайырымдылықты ұштастырып жүрген елорда тұрғыны Аралбек Берікұлы туралы болмақ.

«БОҚТАН САСЫҚ БОЛАСЫҢ ӨЛСЕҢ ТАҒЫ...»

- Аралбек, сіз білім беру мен қайырымдылық жасауды ұштастырып жүрген жансыз. Алдымен Математикалық орталық туралы аз-кем тоқталып өтсек.

- Мен Ақтөбе қаласының тумасымын. Мектеп бітіргеннен кейін елордаға келіп оқыдым. Мамандығым бойынша математика пәні мұғалімімін. 19 жасымнан бастап білім беру орталықтарында оқушыларға қосымша сабақ бере бастадым. Одан кейін Математикалық орталық аштым. Бұл жерде оқушыларға қосымша сабақ беріп, Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге, ҰБТ-ға дайындаймыз.

- Математикалық орталық айына бір рет қайырымды жандар жиналатын орынға айналып кететіні туралы білемін. Жағдайы төмен отбасыларға көмектесу идеясы қайдан келді?

- Алланың берген ырзық-несібесін кедейлерге, мұқтаждарға, жетімдерге таратып, қайырымдылық жасау керек. Бұл - сонау сахабалар заманынан, ата-бабамыздан келе жатқан қағида. 3-4 жыл бұрын көмекке мұқтаж отбасыны әлеуметтік желі арқылы тауып, азық-түлік, киім-кешегімізді алып, әйелім, бала-шағаммен бірге бардық. 7 баласы бар отбасы қала сыртындағы саяжайлардың бірінде тұрады екен. Ол отбасы бізді дастарханнан дәм татуға шақырды. Бастапқыда суық, ластау жерде тамақ жеуге сескенгенмен, уақыт өте келе Абай атамыз «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы, Боқтан сасық боласың өлсең тағы» деп айтқандай, өлсек одан да сасық болатыныңды түсінесің. Осы жағдай қолда барға қанағат етуге, бармын деп тасып, асқақтап кетпей, «жерге түсіруге» үйретті.

АЙ САЙЫН 50 МҰҚТАЖ ОТБАСЫНА КӨМЕКТЕСЕМІЗ

- Қазіргі уақытта бұл игі іске өзіңіз ғана атсалыспай, дос-жарандарыңызды да тартып жүрсіз. Қайырымдылық жасауға қатысты олардың ойлары қандай?

- Азық-түлікті мұқтаж отбасыға апарып берген кезде адам бақыт деген ұғыммен тікелей жүздеседі. Бақытпен жүздескен кезде жүрек елжіреп, өзінің жағдайына шүкір ете бастайды. Бақытпен жүздесуге мүмкіндік сыйлайтын көмекке мұқтаж жандар елордамызда көп: барып, өз көзіңізбен көруге болады. Осыны достарыма да түсіндіріп айтып едім, олар қолдау білдірді. Алғашқыда 12 отбасының әрқайсысына 25-30 мың теңге көлеміндегі қаражатқа азық-түлік алып бердік. Одан кейін ай сайын көмектесу туралы шешім қабылдадық. Қазіргі уақытта ай сайын ең азы - 50, ең көбі - 100-ден аса отбасына көмектесеміз.

- Қайырымдылық қорының атауы бар ма? Ол ресми түрде тіркелген бе?

- Осы жылдың шілде айында «Commune bonum – Ортақ игілік» қайырымдылық қоры ресми түрде тіркелді. Мешіттерден мұқтаж отбасылардың тізімін алып, сол мекенжай бойынша шынымен көмекке мұқтаж ба, жоқ па, соны тексеріп, отбасылық жағдайына байланысты анкета толтыртамыз. Олардың қандай көмекке мұқтаж екенін анықтаған соң азық-түлік тарату, көмір алып беру және оқу-біліммен қамтамасыз ету сияқты үш бағыт бойынша көмектесеміз.

БАЙДЫҢ ТАБЫСЫНДА КЕДЕЙДІҢ НЕСІБЕСІ БАР

- Бүгін көмектесетін отбасылардың тізімін көрдім. Бірі 6 баласымен шатырда тұрып жатса, енді бірі 5 баласымен жертөледе, енді бірі 10 баласымен қала сыртындағы саяжайда тұрып жатыр. Мұндай отбасыларға барған кезде қандай күйде боласыз?

- Кейде көлігіңді жаңа көлікке ауыстырғың келеді. Кейде пәтеріңе қосымша жөндеу жұмыстарын жүргізгің келеді. Мұндай жұмыстар үшін қосымша шығынды өзімізден аямаймыз. Ал осындай мұқтаж отбасыларға қолұшын созған кезде алдағы уақытта көлік, пәтер және тағы басқа үшін жұмсамақ болған артық шығындарға, ысырапқа шектеу қойылады. «Байлардың қолындағы табыста кедейлердің несібесі бар» деген сөз бар. Сондықтан қолыңда артық табыс болса, мұқтаждарға өз несібесін беруге тиіспіз. Кейде үй иесі дастархан үстінде тұрған бір үзім қатқан нанды көрсетіп «Біз сіздерді күтіп отырған едік» деген кезде бір қалада тұрып жатқанмен, олардың өмір сүріп жатқан жағдайы мен біздің жағдайдың айырмашылығы жер мен көктей екеніне таң қалып, жаның ауырады.

- Сіз ондай отбасылардың психологиясын жақсы білесіз деп ойлаймын. Бүгін мен көрген кейіпкерлер туралы айтып берсем, пікір білдіре аласыз ба?

- Әрине.

- Мен барған бірінші отбасында 6 баланың анасы жолдасымен ажырасып кеткенін айтты. Оның айтуынша, жолдасы құмар ойындарына салынып, ішімдікке әуестенуіне байланысты ажырасуға мәжбүр болған. Өзі аспаз болып жұмыс істеп, 3 қыз, 3 ұлын бағып-қағып отыр. Пәтерді 80 мыңға жалдайды. Мамыр, маусым айында атаулы әлеуметтік көмек алғанмен, шілде айынан бастап «Атаулы әлеуметтік көмек қайта есептеліп жатыр» деген себеппен тоқтатылған. Достарыңыз оның жағдайы жаман еместігін, демек азық-түлік жеткізу тоқтатылуы мүмкін екенін айтты. Осы жағдайға қатысты пікір білдіре кетсеңіз.

- Бұл кейіпкер өмір сүру үшін күресуге қабілетті. Мысалы, еден жуып 5 мың табуға болатын мүмкіндік бар екенін естісе, ондай адам өзін бірінші болып ұсынады. Егер осындай көмек жасала беретін болса, «Маған онсыз да көмектесіп жатыр, жұмыс істемесем болады» деп босаңсып кетуі мүмкін. Сол себепті біз ондай отбасыға азық-түлік беруді тоқтатып, оның орнына репетиторлық орталықтарға балаларын тегін оқыту мүмкіндігін береміз. Қазіргі уақытта әртүрлі қайырымдылық қорлар көп. Олардың бірі көмірін, тағы бірі киім-кешегін алып береді немесе тегін білім береді.

АТА-АНАСЫ ҮШІН БОЛМАСА ДА, БАЛАЛАР ҮШІН КӨМЕКТЕСУ КЕРЕК

- Ертең өзімізді не күтіп тұрғанын білмейміз, сондықтан әр адамның тағдырын талқыға салуға қорқамын. Дегенмен, мен екінші отбасына барғанда қынжылып қайттым. Олардың осындай жағдайға түсуіне билік те, басқа да емес, өздері ғана кінәлі екенін түйсінгендеймін. Мысалы, былтыр ғана 4 баланың анасы болған әйел биыл бесінші сәбиін дүниеге алып келген. Өмірге сәби келуі жақсы, бірақ ол неге әр бала – бір тағдыр, әр бала – жауапкершілік екенін олардың болашағы үшін ата-ана ретінде жауап беретінін түйсінбейді? 5 баласымен көпқабатты үйдің жертөлесінде тұрып жатыр. Жолдасымен ажырасқан. Келесі жылы барсаңыз сол жертөледе алтыншы баласын өмірге алып келмесіне кім кепіл? Оларға азық-түлікпен қатар дәрігердің, психолог маманның көмегі де қажет сияқты.

- Кейде ақыл тоқтатқан адамға көмектесу қиын, бірақ біз оның балаларына қамқорлық жасауымыз керек. Жомарт жандардың қамқорлығын көрген бала болашақта өзі де жомарт жанға айналатын шығар? Жертөледе өткен балалық шағы үшін қапалы болып, алдына «өз баламды ондай жерде өсірмеймін» деген мақсат қоятын шығар? Мысалы, мен танитын кәсіпкерлердің бірі балалық шағында арзан матадан тігілген, көк түсті екі шолақ шалбары болғанын айтады. Жазда көк түсті шолақ шалбармен, жалаң аяқ жүрген кездері ерекше есінде қалып қойыпты. Жүгіріп ойнаған кезде оның нілі шығып, саны да көк түсті болып қалады екен. Ол әскерден келген кезде «Енді ешқашан ондай күйге түспеймін» деп уәде берген. Қазіргі таңда ол - қалталы азаматтардың бірі. Сол сияқты сіз айтып отырған отбасындағы бесінші сәбидің де өмірде алар өз несібесі бар.

ӘР КӘСІПКЕР ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕН БАЛАЛАРДЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛЫП, ОҚЫТСА, ҚАНШАМА АЛҒЫС АРҚАЛАР ЕДІ

- Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

- Баянауылдың кейбір үлкен кісілері өз жерін қасиетті, киелі жер санайды. Ол жақтан композитор Жаяу Мұса, ақын-әулие Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты атақты тұлғалар, кейінірек 30-дан аса ғылым докторы, ондаған генерал және 200 ғылым кандидаты шыққан. Олардың арасында ғұлама ғалым, академик, геолог Қаныш Сәтбаевтың орны ерекше. Қаныш Сәтбаев жыл сайын ауылына барып, қабілеті, дарыны бар 7-8 баланы қалаға алып кетіп, оқытып отырған. Бұл жерден осыншама ғалым шыққаны жердің киесі емес, бір адамның жасаған еңбегінің жемісі. Еліміздегі кәсіпкерлер де дәл осы жолмен әрекет етуі керек. Биыл біз де тоғыз баланы Ресейдің ең үздік бес университетінің біріне тегін оқуға жібердік. Бұл бастама жалғасын табады. Мүмкін біз дұрыс жолды таңдамаған ересек адамдарға көмектесе алмаспыз, бірақ олардың балаларына көмектесу мүмкіндігі әрдайым бар. Болашақта көмекке мұқтаж әр отбасыға бір тәлімгерден бекітіп берсек деген жоспар бар. Тәлімгер оларға азық-түлік алып беріп қана қоймай, қалай еңбек етуді, қалай табыс табуды, өмір сүруді үйретеді.

- Есіңізде қалған ерекше оқиға туралы айтып бере аласыз ба?

- Бірде үш ай бойы ет жемеген отбасына ет алып бердік. Сол кезде отбасындағы балалар «Бұлар кімдер? Біздің туысымыз ба?» деп қуанды. Балалардың қуанышқа толы жүзі әлі күнге дейін есімізде. Бірде өз отбасыма сиыр етінен жасалған шұжық алдым. Бағасы 3000 теңге екен. Сол кезде «Өзім қандай шұжық алсам, мұқтаж отбасыларға да сондай шұжық алам» деген мақсат қойдым. Сөйтіп мұқтаж отбасыларға азық-түлік алуға барғанда өнімнің, еттің ең жақсысын таңдап аламыз. Әр адам отбасылық бюджет шығыны мен ысырабын азайтса – басқа мұқтаж адамдарға көмектесе алар еді. Бір еркек өз отбасын қалай қамтамасыз ете алса, көмекке мұқтаж тағы бір отбасын солай қамтамасыз ете алуы керек.

- Сұхбатқа алып-қосарыңыз бар ма?

- Қазіргі уақытта менмендігі басым адамдар көп. Ана баласын «Мынаны өзің же, ешкімге берме. Ешкімнің алдында міндетті емессің» деп тәрбиелейтін болды. Осындай тәрбие алған менмен бала ертең ата-анасын Қарттар үйіне өткізеді. Бұрын қазақ халқында Жетімдер үйі мен Қарттар үйі болмағанын айтамыз. Оның басты себебі – бала тәрбиелеген ата-ана жеке басынан гөрі қоғамның құндылықтарын жоғары қойған. Адам өзін қанша ерекше санаса да, ол бәрібір қоғамның бір мүшесі, бір бөлшегі. «Араларыңдағы ең жақсыларың – қоғамға көп пайда әкелетіндерің» деген хадис те бар. Осы хадиске амал етсек – жаман болмаймыз. Қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, бақытты қоғамда өмір сүру үшін әр адам атсалысуы керек.

Соңғы жаңалықтар