Байқоңырда полиция қызметкеріне күш қолданған азамат сотталды

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласында полиция қызметкеріне күш қолданған азамат бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алкогольді масаң күйде жүрген құқық бұзушы азаматты Байқоңыр қаласында полиция қызметкерлері ұстаған болатын. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтыру мақсатында куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда, құқық бұзушы медициналық мекемеге жеткен сәтте қызметтік көліктен түспей полиция қызметкерлерінің заңды талабына қарсылық көрсеткен. Аталған әрекет бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында оған күш қолдану немесе күш қолдану қатерін төндіргені үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің тиісті бабында қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ол ҚР Қылмыстық Кодексінің 380-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 7 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - дәп мәлім етті Байқоңыр қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Байқоңыр қалалық прокуратурасы тарапынан жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, биыл ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты күш қолдану дерегі бойынша қозғалған 4 қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істер сотта қаралып, құқықбұзушы азаматтарға тиісті жаза тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар