«Бәйтерек» холдингі «Сбербанк Қазақстанды» сатып алмақ
2022 жылғы 23 маусым 11:05

«Бәйтерек» холдингі «Сбербанк Қазақстанды» сатып алмақ

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде «Сбербанк Қазақстанды» сатуға қатысты келіссөздер жүріп жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде «Сбербанк Қазақстанды» сату мәселесі талқыланып жатыр. Бұл банк «Сбербанк Ресейдің» еншілес ұйымы екені белгілі. Аталған банк санкция тізіміне енгізілген болатын», - деді М. Әбілқасымова Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Осы орайда оның атап өтуінше, санкцияларға сәйкес бұл банк шетел валютасында операциялар жүргізе алмайды.

«Оның шетел банктеріндегі корреспондеттік шоттары жабылды, сондай-ақ жаңа қаржыландыру тетіктерін тарту мүмкіндігіне шектеу енгізілді. Осыған байланысты «Сбербанк Ресей» өзінің Қазақстандағы еншілес банкін сату туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде аталған банкті сату тұрғысында «Бәйтерек» холдингімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл ретте шарттың мән-жайын тараптар келіссөз аяқталған кезде жариялайды деп ойлаймын. Біз агенттік ретінде келісімшартты бекіту кезінде банк заңнамасы талаптарының сақталуын бақылаймыз», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Сбербанк Қазақстан» мен ВТБ банкі меншік иесін ауыстыру үшін жаңа инвестор іздеп жатыр.



Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT