«Бәйтерек» ұлттық холдингінің 2 басқарушы директоры қысқартылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысы өтіп, бірқатар шешімдер қабылданды. Олардың қатарында Басқарма құрамын оңтайландыру мәселесі де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат Холдингтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Отырыс барысында Кеңес мүшелері Холдингтің Жарғысына енгізілетін өзгерістерді қарастырып, 2021 жылғы жылдық қаржылық есептілікті (шоғырландырылған және жеке) алдын ала бекітті. Директорлар кеңесінің шешімі бойынша Холдинг Басқармасының құрамы 7 адамнан 5 адамға оңтайландырылды. Басқарушы директорлар лауазымдарын атқаратын Басқарма мүшелерінің 2 бірлігі қысқартылмақ», - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатына сәйкес әзірленген және Холдингтің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметінің жұмысын жетілдіруді көздейтін 2022 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бағдарламасы бекітілді.

«Айта кетейік, «Бәйтерек» холдингінде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Директорлар кеңесіне бағынатын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі жұмыс істейді», - деп толықтырады баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, отырыста 2022 жылдың бірінші тоқсаны бойынша тәуекелдер жөніндегі есебі, Ішкі аудит қызметінің есебі, 2021 жылы Корпоративтік басқару кодексінің қағидаттары мен ережелерін сақтауы туралы есебі бекітілді.


Соңғы жаңалықтар