«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтері қосылу туралы шартқа қол қойды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерінің басшылары Айдар Әріпханов пен Ербол Қарашөкеев тапсыру актісіне және қосылу туралы шартқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-дан мәлім еткендей, тапсыру актісін биылғы жылдың 15 наурызында бекіту көзделген.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы атап өтілетін, еліміз үшін аса маңызды жылы «Бәйтерек» холдингі жаңа функциялармен толыққан қуатты, тұтас мемлекеттік холдинг ретінде өз жұмысын жалғастырады.

Біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Холдинг іске асыратын мемлекеттік бағдарламалардың саны артуда. Алдыңғы кезекте – агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы. Біздің міндетіміз – қосылу процесін фермерлеріміз аса сезінбейтіндей етіп, барынша ауыртпалықсыз өткізу. «ҚазАгроның» алдында тұрған барлық міндеттер, оның ішінде көктемгі егіс жұмыстары, мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын қолдау және тағы басқалар бізге өтіп, назардан тыс қалмайды. Жұмыс тиімді әрі сапалы болу үшін бар күшімізді саламыз», - деді Айдар Әріпханов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Бәйтерек» холдингі мен «ҚазАгро» холдингін қосу жолымен бірыңғай даму институтын құру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, портфельдік компаниялар 14-тен 7-ге дейін қысқартылып, штат саны тиісінше түзетілетін болады.

Қазіргі уақытта қайта ұйымдастыру бойынша барлық қажетті корпоративтік шешімдер қабылданды, «ҚазАгро» холдингінің активтерін түгендеу жұмысы аяқталды.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Озық корпоративтік басқару стандарттарына сәйкес келетін және әртараптандыру, жаңашылдықты қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайту жолымен Қазақстан экономикасын тұрақты дамыту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін ҚР Үкіметінің басты институты.


Соңғы жаңалықтар