Бекболат Тілеухан: Бұрын даусы барлар әнші болатын, қазір аузы барлар әнші

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Депутат Бекболат Тілеухан Қазақстан аумағында спортты дамыту үшін насихат шараларын қолға алу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында елімізде бұқаралық спортты дамыту мәселесі қаралды.

«Жалпы, бұқаралық спорт деген не? Бұл ең алдымен, халықтың денсаулығы. Жаппай ел қимылдаса, спортпен шұғылданса – ол халықтың денсаулығы мықты болады. Бұл саланы дамытуға қаржы керек деп жатырмыз, ол түсінікті мәселе. Бірақ идеология, насихаттың маңызы да кем емес. Мысалы, телеарнаның ақпараттық ықпалының орасан нәрсе екенін білеміз ғой?! Насихаттың арқасында қазір әнші емес адам қалмады. Дауысының бар-жоғы бәрібір болып тұр. Бұрын даусы барлар әнші болатын, қазір аузы барлардың бәрі әнші. Музыкалық культураны қатырдық, физический культура оңбай тұр», - деп тоқталды депутат.

Осы орайда ол спортты насихаттауға айрықша назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Қазақ ойын баласы деп айтады, 13 жасқа дейін оның өмірінің негізгі мәні ойында. Жүгірген баланың денсаулығы мықты болады... Семіріп кеткен, ауланы екі айналса ентігіп қалатын баланың майын сылып, бұлшықетін қалыптастыру үшін, сондай-ақ компьютер немесе смартфонға шұқшиып қалған баланы далаға алып шығу үшін бұқаралық спортты жақсылап насихаттауымыз керек екені түсінікті. Бұл үшін насихат керек!», - деді Бекболат Тілеухан.

Депутат елімізде ат спортын дамытуға ерекше мән беру керектігін, сондай-ақ жұмыс орындарында қызметкерлердің денсаулығын нығайту жөніндегі бағдарламаны енгізе отырып, кәсіпорындар мен ұйымдарда дене шынықтыруды дамыту үшін жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылдың қорытындысы бойынша елімізде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар саны 5,7 млн адамға жеткен. Бұл жалпы халықтың 30,6 пайызы.


Соңғы жаңалықтар