Бердібек Сапарбаев Қазақ хандығына арнап салынған скверді реттеуді тапсырды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай салынған «Сарайшық» скверінде болып, нысанның қазіргі жағдайына алаңдаушылық танытты. ҚазАқпарат бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аймақ басшысы шаһардағы «Астана» шағын ауданында, ҚР Тұңғыш Президенті паркінде болды және бірқатар тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Бердібек Сапарбаев «Астана» шағын ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай салынған «Сарайшық» скверінің жай-күйіне көңілі толмайтынын жеткізді. Қалаға көрік береді деп салынған сквердің кірпіштері құлап, тас төсеніштері мүжіле бастаған. Субұрқағы да істемей тұр. Осыған байланысты, қала әкімдігіне кемшіліктерді тез арада түзеу тапсырылды.

Сондай-ақ, осы шағын аудандағы үйлердің қабырғасына салынатын суреттер жобасы таныстырылды.

«Абай көшесінің бойында Абай Құнанбайұлының, әл-Фараби көшесіне әл-Фарабидің суреттерін салу керек. Сонымен бірге, бұл өңірден шыққан қаншама белгілі тұлғалар бар. Атап айтсақ, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза секілді көптеген белігілі тұлғалардың, спорт саңлақтары мен Олимпиада чемпиондарының суретін бейнелеуге ден қойған абзал», - деді аймақ басшысы.

Келесі кезекте Бердібек Сапарбаев ҚР Тұңғыш Президенті паркінде болды. Саябақта бұлақ көздерін ашып, ондағы су тоғанын балдырдан тазартуды, ашық аспан астындағы сахна мен сол маңайдағы тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін ретке келтіруді шегелеп тапсырды.

Бұдан соң аймақ басшысы облыс орталығындағы тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйлер мен бірқатар нысандардың құрылыс барысымен танысты. Жұмыс сапары Абай көшесінің бойында орналасқан үйлердің жағдайымен танысудан басталды. Биыл мұндағы №132, 128, 123, 121, 117 үйлердің сəулеттік келбетін қайта жаңғырту жұмыстары басталмақ. Ол үшін біркелкі эксиздік жоба әзірленген.

Айта кету, Тараз қаласында 1300-ден астам көпқабатты үй бар. Солардың 521-і жөндеуді қажет етеді. Бүгінге дейін 270-і жаңартылды. Биыл 80 үйге «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 41 үйге жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Сондай-ақ, облыс әкімі №15 шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарын көрді. 2017-2019 жылдары бұл аумаққа жаңа тұрғын үйлер салуға 18,7 млрд теңге жұмсалған. Ал биылғы тұрғын үй құрылысына 20,2 млрд теңге қарастырылған.


Соңғы жаңалықтар