Бердібек Сапарбаев өңірдегі тұрғын үй бағдарламаларының орындалу барысын сынға алды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі тұрғын үй бағдарламаларының орындалу барысы қаралды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиында баяндама жасаған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев 1 қарашадағы жағдай бойынша баспана кезегінде 28 766 адам тұрғанын айтты. Жыл басынан бері кезекте тұрған 543 азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алған.

«Кезекте тұрғандар саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, аудандарда құрылыс қарқыны төмен күйінде қалып отыр. Мәселен, соңғы үш жылда Меркі және Мойынқұм аудандарында кезекте тұрғандарға бірде-бір пәтер берілмеген. Байзақ және Жуалы аудандарында тек екі үйден, Т.Рысқұлов ауданында төрт үй пайдалануға берілген», - деді Қ.Қорғанбаев.

Аудан әкімдері түрлі себеп айтып, ақталуға тырысқанымен, аймақ басшысы егер нәтиже болмаса, ешқандай сылтау көмектеспейтіндігін баса айтты.

«Жамбылдықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бір құрылымның ғана міндетіне кірмейді. Бұған жергілікті әкімдіктер де, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы да жауапты. Барлығы атсалысуы керек. Аудандарда бос үйлер көп. Басқарма әкімдіктермен бірлесіп, оларды реконструкциялау үшін инвесторларды тартуға тиіс. Мәселені шешудің түрлі жолдарын ұсыныңыздар», - деді Бердібек Сапарбаев.

Қ.Қорғанбаевтың айтуынша, жыл басынан бері «Шаңырақ» пилоттық жобасы бойынша тұрғын үй сатып алуға 68 тұрғын, «Бақытты отбасы» бойынша – 343 тұрғын, «7-20-25» бойынша - 175 тұрғын несиеге қол жеткізген.

«Көрсеткіштер көңіл көншітпейді. «7-20-25» бағдарламасын іске асыру нәтижесі бойынша біздің облыс соңғы орында тұр. Бұл бірінші кезекте Тараз қаласы әкімінің олқылығынан дер едім. Өйткені, кезекте тұрғандардың басым бөлігі облыс орталығынан тіркелген. Қала әкімі бұл мәселені дер кезінде шеше алмады. Әкімдіктер банктермен бірлесіп тұрғын үй бағдарламаларының барлық тетіктері мен артықшылықтары туралы жан-жақты түсіндіруі тиіс», - деп тапсырды облыс әкімі.


Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жайы қаралды. Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жер телімін алу үшін 124 698 адам кезекте тұр. Жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов олар бойынша құрылған бірыңғай база туралы хабарлады

«Аудандарда бірнеше жыл қатарынан жобалық-сметалық құжаттамалар уақытылы әзірленбейді. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытудың 2022 жылға дейінгі Картасына сәйкес келер жылға 76 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс жүргізу жоспарланған болатын, бірақ қазіргі таңда оның тек 15-і ғана дайындалған. Біз мұндай қарқынмен бұл мәселені жуық арада шеше алмаймыз. Тұрғындар 2006-2007 жылдардан бері әлі күнге дейін кезекте тұрғандарын айтып, шағымдануда. Олардың наразылығы орынды. Тұрғындар өздері үй салғысы келеді, бірақ біз ол үшін тіпті жер бөліп бере алмай отырмыз. Әкімдер бұл мәселеге немқұрайлы қарайды, оларға бәрібір. Олардан осы іске деген талпыныс көрінбейді. Республикалық бюджеттен аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Тек оны уақытылы әрі сапалы игеру қажет. Құрылыс басқармасы бұл жұмыстарды үйлестіре алмауда», - деді облыс әкімі.

Жер теліміне кезекте тұрғандардың көпшілігі (70 мыңнан астам) Тараз қаласында тіркелген.

Ол сондай-ақ бұған дейін тұрғын үй салу үшін инвесторларды тарту қажеттілігі туралы бірнеше рет айтылғанын, ал тиісті бақылаудың жоқтығынан пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару жұмыстарының әлсіздігін еске салды.

Бұл мәселені жан-жақты талдау облыс әкімінің орынбасарлары Ұлан Жазылбек пен Берік Нығмашевке арнайы тапсырылды.

«Өкінішке орай, жұмыстар әлсіз жүргізілуде. 28 мыңнан астам адам баспана кезегінде, 120 мыңнан астам адам жер телімі кезегінде тұр. Облыс халқының жалпы санымен есептесек, бұл өте көп. Менің атыма кезекте тұрғандардан шағымдар күн сайын келіп түседі. Мен оларды да түсінемін. Әкімдер құжаттармен ұзақ уақыт айналысып қана қоймай, инфрақұрылымы бар дайын учаскелерді де тұрғындарға үлестіріп беруде сылбырлық танытуда. Олар істелмеген жұмыс үшін сан түрлі сылтау ойлап табады. Сіздердің басты міндеттеріңіз – халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау екенін ұмытпаңыздар», - деді аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне ескерту жасап.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев кезекте тұрған адамдар өз нөмірлерін және тұрғын үй мәселесіне қатысты басқа да ақпараттардан хабардар бола алуы үшін электронды базаның жұмысын жүйеге келтіруді тапсырды. Сонымен қатар, тиісті бақылаудың жоқтығынан, пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару жұмыстарының әлсіздігін атап өткен облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуді жүктеді.


Соңғы жаңалықтар