Бердібек Сапарбаев Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру шаралары қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңесті ашқан Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы коронавируспен күрес және қазақстандықтардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру жөнінде бірқатар міндеттер жүктегенін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына жол бермеу және науқастарды емдеуде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды. 9 шілдедегі мәлімет бойынша, коронавирус инфекциясының 1971 жағдай тіркелген. Ең көп науқастар Тараз, Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарында. Карантин режимін қатаң сақтау және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековтің айтуынша, мобильді топтар қызметінің нәтижелері бойынша біздің облыс рейтингіде көш бастап тұр. Карантин режимін сақтамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 79 хаттама толтырылды. Сондай-ақ, мониторинг топтарының мүшелері дәрілерді заңсыз сату фактілерін анықтап, іс материалдары сотқа жолданған.

Бердібек Сапарбаев мобильді топтардың денсаулық сақтау саласындағы жұмысының маңыздылығына тоқталды.

«Полиция мен санитарлық дәрігерлер бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасап, карантиндік режимді бұзғандарға жауапкершілікке тарту керек», - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі коронавирустың таралуымен байланысты жағдайдың болжамын жасап, алдын-ала медперсонал, қосымша төсек-орын дайындап, дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар сатып алуды тапсырды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, бүгінде 70 оттегі концентраторы бар. Бірнеше күн бұрын демеушілер есебінен қосымша 11 оттегі концентраторы сатып алынды, олардың 5-і гуманитарлық көмек кезінде жеткізілді, ал тағы 4-уі жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған.

Облыстың медициналық мекемелерінде барлығы 146 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Жақында жергілікті және республикалық бюджеттен сатып алынған 62 ӨЖЖ қондырғысын жеткізу жоспарлануда.

Марат Жұманқұлов жеке қорғаныс құралдарымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілгеніне сендірді. Ауруханаларда 900-ден астам бос төсек бар.

Барлығы 214 мобильді топ амбулаторияда ем алып жатқан COVID-19 науқастарын, симптомсыз тасымалдаушыларды және үй карантиніндегі адамдарды қашықтықтан бақылауды жүргізуде.

Облыс әкімінің 41 бұйрығымен мемлекеттік мекемелердің қызметтік машинасы медициналық мекемелерге уақытша пайдалануға берілді.

Қауіпті вируспен күресу үшін қосымша 80 зейнеткер, 25 резидент және медициналық оқу орындарының түлектері және қысқа дайындық курсынан өткен жүзден астам жас мамандар тартылды.

Баяндамашының баяндамасын мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды және медициналық нысандардың толықтай дайындықта болуы үшін барлық ресурстарды пайдалануды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар