Берешегі бар азаматтардың елден шығуына шектеу алына ма - ҰБ жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қолданылатын борышкер берешегінің шекті сомасы ұлғайтылуы мүмкін. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына орай ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаевтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Борышкер жеке тұлғаларды елден шығуға уақытша шектеу туралы кез келген шешім 20 АЕК (50,5 мың теңге) астам берешегі болған кезде және сот санкциясы негізінде қабылданады. Шектеу кредиттер бойынша борышкерлерге ғана емес, салықтар, алименттер және басқа да төлемдер бойынша берешегі бар адамдарға да қолданылады. Сонымен қатар, қазіргі кезде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен банкті қарыз берер алдында қарыз алушының төлем қабілеттігін жан-жақты бағалауын жүргізуді міндеттейді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның түсіндіруінше, банк қарыз бергенге дейін клиентке қарыздың талаптары, мөлшерлемелер мен тарифтер, қарыз шарты бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда клиенттің жауапкершілігі мен ықтимал тәуекелдері туралы ақпарат беруге тиіс. Қамтамасыз етусіз кредит (бланкілік кредит) беру туралы шешімді банк клиенттің кредит төлеу мүмкіндігі жоғары және ол сенімді болған жағдайда ғана қабылдайды. Банк шартты жасамас бұрын клиентке шарттың талаптарымен танысуға қажетті уақыт береді. Ал шарт жасау кезінде қарыздың жалпы сомасын, валютасы мен мерзімін, төлем санын, сыйақы мөлшерлемесінің түрі мен мөлшерін, өтелуге тиіс жалпы соманы, сыйақының жиынтық сомасын, борышты уақтылы төлемегені үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшерін қамтитын шартпен қоса берілетін жадынаманы ұсынады. Қарыз алушы мерзімін өткізіп алған жағдайда, банк мерзімі өткеннен кейін 30 күн ішінде қарыз алушыға мерзімі өткен берешектің мөлшерін көрсете отырып, шарт бойынша төлемдер енгізу қажеттілігі және қарыз алушының өз міндеттемелерін орындамауының салдары туралы хабарлайды. Қарыз алушы туындаған берешекті реттеу үшін банкке жүгінуге құқылы. Борышкер тарапынан жауап болмаған кезде ғана банк соңғы шараларды қабылдайды, оның ішінде берешекті өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінеді. Осылайша, банк кредитор бола отырып, берілген қаражатты қайтаруға мүдделі. Себебі олай болмаған жағдайда банкке өз ақшасын сеніп тапсырған салымшылардың (депозиторлардың) мүдделері зардап шегуі мүмкін.

«Сондықтан да борышкердің елден шығуына уақытша шек қою мүмкіндігі қарыз қаражатын қайтару үшін заңнамада көзделген құралдардың бірі ғана болып табылады және қарыз беру туралы шешімге әсер етпейді. Осыған байланысты көрсетілген құралдан толығымен бас тарту орынсыз. Бұл ретте Ұлттық банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп борышкер берешегі шекті сомадан асып кеткен жағдайда Қазақстан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қолданылатын шекті соманы ұлғайту мәселесін қарастыруға болады деп санайды»,- деді Ерболат Досаев.

Соңғы жаңалықтар