«BEST PAPA» - Қазақстанның үздік әкелері марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «BEST PAPA» республикалық әкелер форумында «Жылдың үздік әкесі» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш айлық байқау нәтижесі бойынша Алматы облысы Боралдай кентінің тұрғыны Дияс Дәулетбеков «Әке – үздік отағасы» номинациясымен марапатталды, Сәтпаев қаласының тұрғыны Құрмет Базаров «Үздік тәжірибелі әке» атанды, ал «Үздік шығармашыл әке» номинациясында ақтөбелік Айдын Пірмағанбетов жеңіске жетті.

Екібастұздық Виталий Аваргин «Үздік дана әке» атанды. «Үздік спортшы әке» аталымында Сәтпаев қаласында тұратын Ержан Жүсіпов марапатталды. «Жыл әкесі» номинациясы бойынша алматылық Елян Әбдірахманов жеңімпаз атанды.

Әке институтын дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін алматылық Медет Өсеров арнайы сыйлықпен марапатталды, оралдық Сәкен Садырұлы – «Оқушыларға тәлімгерлігі және спорттық рухты тәрбиелегені үшін» ынталандыру сыйлығына ие болды.

Сонымен бірге, форум барысында осындай жобаларға белсенді қатысып жүрген, әке институтына қолдау көрсетіп жүрген Еркен Отарбаевқа, Амандос Құловқа, Еркен Тобылбаевқа, Бекет Дәулетқалиевке, Нәсіпқали Өтепқалиевке және басқаларға алғыс айтылды.

«Форумды ұйымдастырған «En baqytty el» қоғамдық қорына үлкен алғысымды білдіремін. Олардың Қазақстанда әке институтын дамытып жүргендері қуантады. Бұл тақырып маған өте жақын. Бұл мені көптеген тренингтерден кейін басқа да тақырыптарға жол ашты. Мен Екібастұз қаласының әкелер кеңесін басқарамын. Мен барлық қалаларда әкелер кеңесі құрылуы үшін осы қозғалысты белсенді түрде дамытуды бастадым», - деді Виталий Аваргин.

Жеңімпаздарға түрлі компаниялардың сыйлық сертификаттары мен грамоталары берілді.

Айта кетейік, YouTube желісінде «BEST PAPA» республикалық әкелер форумы онлайн өтті. Оған ТМД елдері мен Қазақстанның түрлі өңірлерінен қонақтар қатысты.



Соңғы жаңалықтар