Бет-әлпетті сканерлейді, қызуды өлшейді: Астана мектептеріне «ақылды» турникет орнатылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың Есіл ауданындағы №59 мектепке коронавиурстан сақтануға көмектесетін ІТ бақылау жүйесі енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Стартап-жоба негізінде дайындалған жүйе екі айдан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы №22 және №59 мектептерде пилоттық жоба ретінде сынақтан өтіп жатыр. Мектеп кіреберісіне қойылған камералы турникеттер келушінің бет әлпетін ақпараттық базаға енгізілген деректермен салыстырады. Егер базада суреті енгізілмеген адам болса, турникет ашылмайды. Камералы қондырғы келушінің бетінде маска болуын да қадағалайды. Сонымен қатар, дене қызуы бар адамды да бірден анықтап, базаға ол туралы мәлімет жібереді. Осының арқасында мектеп ғимаратына бөгде адамдардың кірмеуін, ауру симптомдары бар оқушылар мен ұстаздардың өтпеуін қамтамасыз етеді.


Стартап иесі – Clokster компаниясы. Ал идеяның іске асуына «Астана Innovations» АҚ қолдау көрсеткен.

«Қазір мектептерге кіру үшін палстикалық карталар қолданылады. Бұл, біріншіден, пандемия жағдайында санитарлық талаптардың сақталуына кедергі келтіреді. Бәрі картаны бір тетікке басып өтеді. Екіншіден, бала болған соң картасын жоғалтуы мүмкін немесе қасындағы балаға бере салады. Ал біздің жүйе балалардың бет әлпеті мен дене қызуына қарай ғана екшейді. Яғни, біріздендіру үшін қосымша карта алып жүрудің қажет жоқ. Температураны өлшейтін адамның да қажеті жоқ. Яғни, адамдардың жанасуы мейлінше азайтылған. Санитарлық талаптар бойынша жүйенің осындай артықшылықтары бар», - дейді Clokster компаниясының өкілі Арман Ерназаров.


Бірақ бұл ІТ-жүйе пандемия кезінде ғана қолданылады деген сөз емес. Қалыпты өмірге оралған кезде де осы жүйенің арқасында мектептегі қауіпсіздікті қадағалауға болады.

«Ең бастысы, деректер базасының көлемі шексіз. Мектепке кіруге рұқсаты бар адамдардың санын білім ошағының әкімшілері өз қалауынша реттейді. Қаласа, ата-аналарды да базаға енгізе алады. Қазір пандемия жағдайында олардың кіруіне шектеу қойылған. Бұл жүйе әр баланың мектепке кірген және шыққан уақытын ата-анасына хабарлама ретінде жолдай алады. Осының арқасында ата-аналар баласының уақытын қадағалай алады. Ал мектеп басшылығы әр мұғалімнің қашан келіп, қашан кеткенін біліп отырады. Бұл жағынан да ыңғайлы. Ал егер баланың дене қызуы байқалса, ол ақпарат ата-анасына хабарлама арқылы жолданады», - дейді «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Әділет Нұрғожин.


Авторлар пилоттық жоба сәтті аяқталса, қаладағы өзге мектептерге де енгізу туралы ұсыныс айтып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне шықпақшы.

Пилоттық жобаның қорытындысы енді бір айдан кейін белгілі болмақ. Әкімдік өкілдері жобаны өзге мектептерге тарату үшін әуелі ІТ-жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеуі керек деп отыр.

«Пилоттық жоба болғандықтан, әзірше екі мектепке тегін орнатылып жатыр. Тағы бір ай қаншалықты тиімді екенін, қаншалықты керекті екенін зерттейміз. Содан кейін авторлар қаржыландыру көлемін нақты есептеп, бізге ұсыныс береді. Ол ұсынысты мәслихат талқылайды, бюджеттің мүмкіндігі зерделенеді. Мүмкін инвестициялық жоба болатын шығар. Оның бәрі әзірше белгісіз. Әзірге жоба мектеп ұжымдары үшін, оқушылар мен ата-аналар үшін қаншалықты қызықты екенін бақылаудамыз» , - дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы.

Айта кетейік «Астана Innovations» АҚ бұған дейін де пандемиямен күреске арналған стартап жобаларды ел назарына ұсынған болатын. Соның бірі - автономды дезинфекция жүйесі бар аялдама.



Соңғы жаңалықтар