Бейбіт күнде ерлігімен танылған солтүстікқазақстандықтар марапатталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті салтанатты жиын өткізді.

Жиында үздік қызметкерлер және ерлік көрсеткен бірқатар өңір тұрғындары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Тәуелсіздік күнімен департамент гарнизонының жеке құрамын ведомство басшысы Рамиль Камалов құттықтады. Солтүстікқазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысын жоғары бағалап, алғысын білдірді. Жалпы жыл басынан бері департамент мамандары 2200 рет апаттық-құтқару жұмыстарына және өрт сөндіруге шыққан. Нәтижесінде 200-ден астам адам құтқарылып, 1800-дей адам қауіпсіз жерге шығарылды. Құтқару қызметі зардап шеккен 48 адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Өз ісін асқан жауапкершілікпен атқарған бір топ қызметкер ҚР Ішкі істер министрлігінің, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар бойынша Комитеттің және департаменттің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Салтанатты жиын барысында Мамлют ауданы, Воскресеновка елді мекенінің тұрғыны Владимир Воробьевке де құрмет көрсетілді. Екі баланың өміріне араша түскен оған «Суға батқанды құтқарғаны үшін» медалі, ал оның жұбайы Татьянаға ҚР ІІМ ТЖК төрағасының атынан Алғыс хат тапсырылды. Ерлі зайыпты 4 қараша күні суға батып бара жатқан балаларды құтқарып, аман-есен әке-шешесіне табыстаған еді.

Сонымен қатар, бұл күні қараша айында Есіл ауданы Ақтас ауылында өртке оранған үйден 5 газ баллонын алып шыққан ҚР Ұлттық ұлан әскери институты оқу взводының командирі Мағжан Қалықов та марапатталды. Әскери институт бастығының орынбасары Савердин Имиров Мағжан Қуанышұлының кеудесіне «Ұлттық Ұлан үздігі» төсбелгісін тақты.

СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов офицерге Алғыс хатты табыс етті.

Соңғы жаңалықтар