Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы халықаралық тәжірибеге сай – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заң жобасы халықаралық тәжірибеге сай келеді. Бұл туралы Мәжілісте өткен заң жобасының таныстырылымы барысында заң ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Амандықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарастырылып отырған жаңа заң жобасы халықаралық тәжірибеге сәйкес жазылған. Осы орайда халықаралық-құқықтық құжаттарға айтарлықтай үлкен талдау жүргізілді, оның ішінде шетелдегі тиісті заңдардаға нормалар қаралды. Атап айтқанда, Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия және өзге де елдердің тәжірибесі қарастырылды», - деді С. Аманжықова тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен қатар сарапшы ұсынылған заң жобасы барлық талаптарға сәйкес келетіндігін жеткізді.

«Шетел заңнамасы митингілерге қатысушылардың, ұйымдастырушылардың үлкен жауапкершілігін ескерген. Бұл өз кезегінде Қазақстан Республикасы мемлекеті мен азаматтарының өзара жауапкершілігінің конституциялық-құқықтық қағидасына сәйкес келетінін атап өткен жөн. Егер мемлекет аталған шара еліміздің заңнамасы талаптарына сәйкес өткізілетініне жауап берсе, онда ұйымдастырушылар да, жиналысқа қатысушылар да Қазақстанның заңдарын орындайтындығына жауапты болса, бұл жағдай халықаралық тәжірибеге сай келеді», - деді профессор.

Айта кетейік, бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы таныстырылды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, құжат жобасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалады.

«Ұйымдастырушылардың, қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақты айқындалатын болады. БАҚ саласындағы өкілетті орган бейбіт жиналыстарға қатысатын журналист қызметінің ережесін, журналистік айырмашылық белгісі пішінін қабылдайтын болады. Ұйымдастырушылар үшін бейбіт жиналыстарды өткізудің ыңғайлы болуы мақсатында ұйымдастырушылардың айырмашылық белгілерінің пішіні қабылданады», - деді Дәурен Абаев.



Соңғы жаңалықтар