Бейресми жұмыс істеп келгендер 42 500 теңгені қалай алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бейресми жұмыс істеп жүр деген мәртебені рәсімдеу дегеніміз – бірыңғай жинақтық төлемді төлеу. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«42 500 теңге ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған азаматтарға қарастырылған. Олар - жалдамалы қызметкерлер, шағын және орта бизнестің жұмыскерлері. Егер жалдамалы қызметкерлер мәжбүрлі түрде, ақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберілсе немесе жұмыстан шығып қалса, аталған төлемді алуына болады. Қашықтан жұмыс істейтін адамдар бұл төлемді ала алмайды», - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Ол екі күн бұрын бұйрыққа қандай өзгеріс енгізілгенін айтты.

«Жалдамалы қызметшілер қатарына коммерциялық емес ұйымдардың да жұмысшылары кіреді. Оларды ақысыз демалысқа жіберілген болса, аталған төлемді ала алады. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдарға бұл төлем берілмейді. Әлеуметтік төлем берілетін келесі топ – өз бетімен жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар. Олардың арасында ресми және бейресми жұмыспен айналысып жүргендер бар. Ресми жұмыс істеп жүргендер – жеке кәсіпкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушы мен медиатор, фрилансер сияқты жеке практикамен айналысып жүргендер. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударған болса, өтініш беруіне болады. Олардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жинақтық төлемді аударған адамдар да жатады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер – ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жинақтық төлемді де төлемеген адамдар. Мемлекет басшысы осындай адамдарға да 42 500 теңге төлену керек екенін, бірақ ол үшін алдымен бір рет мәртебесін рәсімдеу керек екенін айтты. Мәртебені бір рет рәсімдеу деген – бірыңғай жинақтық төлемді төлеу. Оны бір рет төлесеңіздер, 42 500 теңгені ай сайын аласыздар. Бейресми жұмыс істеп жүргендер БЖТ-ны төлегеннен кейін келесі күні аталған портал арқылы өтініш бере алады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар