Білім министрі грант құнын арттыруға қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кәсіптік және жоғары білім сапасын жоғарылатуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жуырда экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы (ЭЫДҰ) PISA нәтижелерін жариялаған болатын, алайда, сарапшылар «ересектерге арналған PISA» деп атайтын PIAAC халықаралық зерттеуінің нәтижелері қоғам назарынан тыс қалып қойды. Бұл зерттеу 16-65 жас аралығындағы адамдардың оқу, математикалық сауаттылығы мен есептерді сандық ортада шығара білу дағдыларын бағалайды. Қазақстан бұл зерттеуге алғаш рет қатысқандығын ерекше атап өткен жөн. Қазақстанның нәтижелері бойынша ересектердің дағдылары (математика – 247, оқу – 249 балл) орта есеппен Испания және Италия азаматтарының деңгейінде екені, бірақ ЭЫДҰ елдерінің орташа деңгейінен (оқу сауаттылығы – 266, математикалық сауаттылық – 262) айтарлықтай төмен екенін көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстанға ғана тән ерекше нәтижелер де анықталды», - деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.

Мысалы, PIAAC адам дағдыларының даму шыңы 25-34 жасқа келетінін, ал одан әрі құлдырау басталатынын көрсетті. Жастардың дағдылары (25-34 жас) аға ұрпақ өкілдерінің (55-65 жас) дағдыларымен бірдей, ал кей жағдайларда олардан төмен болды.

«Егер шұғыл шаралар қабылдамасақ, 20-25 жылдан кейін халықтың дағдылары қазіргіден де төмендеп кетуі мүмкін. Жалпы 25-34 жастағы азаматтардың 50%-ның жоғары білімі бар, ал 55-65 жастағы адамдардың 27%-ы ғана жоғары білім алған. Қазақстан халқының жартысы оқу сауаттылығы (49%) мен математикалық сауаттылығы (52%) бойынша тек екінші деңгейге қол жеткізген, ал халықтың төрттен бір бөлігі ғана (25%) жоғары деңгейде. Бұл ел тұрғындары жеңіл мәтіндермен, сондай-ақ талдауды, сараптауды және түсіндіруді талап етпейтін ақпаратпен ғана жұмыс істей алады дегенді білдіреді», - деп түсіндірді министр.

Оның пайымынша, дағдыларды меңгеру деңгейлері мен оларды пайдалану жиілігі де маңызды тренд болып отыр: дағдылар күнделікті өмірде де, жұмыста да неғұрлым көбірек қолданылса, соғұрлым деңгейлері де жоғары болмақ.

Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері бойынша қазақстандықтардың тек 17%- ғана әртүрлі білім беру іс-шараларына қатысатыны анықталды. Бұл - ең төмен көрсеткіштердің бірі.

«Білім алу деңгейінің өсуі - дағдылар деңгейінің өсуіне де оң әсерін тигізетінін атап өткен жөн. Бұл зерттеу қорытындыларының кейбір мысалдары ғана. Бұл ретте, зерттеу нәтижелеріне жеңіл-желпі қарамай, білім жүйесінің жалпы көрінісін бақылау және жүйелі шараларды қабылдау маңызды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, алдымызға бірнеше міндет қойдық», - деді А. Аймағамбетов

Осы орайда, біріншіден, кәсіптік және жоғары білім сапасын айтарлықтай жоғарылату қажет. Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары мен колледждері отандық кадрларды даярлаған кезінде PIAAC нәтижелерін басшылыққа алуы керек. Олар еңбек нарығы үшін мамандарды жай дайындап қана қоймай, сондай-ақ қажетті дағдыларды үйретуге - оқуға үйретуге тиіс (learning how to learn).

«Екіншіден, мемлекеттік гранттардың құнын арттыру арқылы жоғары білімді қаржыландыруды ұлғайту қажет. Бұл материалдық-техникалық базаны нығайтуға және оқытушылардың жалақысын арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Соңғы жаңалықтар