Білім министрлігі «Астана» университетін сотқа берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана» университеті ҚР Білім және ғылым министрлігінің тексеру жұмыстарына кедергі келтіріп, қажетті құжаттарды ұсынбаған. Бұл жайында министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство ақпаратына қарағанда, лауазымды тұлғаларға мемлекеттік бақылау жүргізу кезінде кедергі жасау фактісі бойынша Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі 462-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта тиісті материалдар соттың қарауына жіберілді.

Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы жүргізілген тексеру нәтижесінде «Астана» университетінің білім беру жұмыстарында тәуекелдің жоғары екендігі анықталған. Осыған байланысты университет 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында профилактикалық бақылауға жататын білім беру ұйымдарының тізіміне енгізілген.

«2020 жылдың 12 ақпанында ҚР БҒМ тарапынан университетке профилактикалық бақылау жүргізілетіндігі туралы хабарлама жіберілді. Келесі күні тиісті акт ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде тіркелді. 17 ақпанда университет комиссияға жоғары оқу орнына кедергісіз кіруді қамтамасыз етіп, бақылау нысанына сәйкес қажетті құжаттарды немесе олардың көшірмелерін ұсынуға міндетті болды. Алайда, «Астана» университеті Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 155-бабының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларын бұзып, комиссияға тиісті құжаттарды ұсынбады», - деп атап өтеді министрліктен.

Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі «Астана» университетінде бірқатар бұзушылықты анықтағанын жазған едік.

Ведомство дерегінше, университетке қабылдау ережелері, студенттерді ауыстыру және қайта қабылдау тәртібі, емтихан өткізу және емтихан сессиясының қорытындысы бойынша құжаттар жүргізу тәртібі бұзылған. Сонымен қатар, аралық бақылау жүргізу кезінде Академиялық саясат сақталмаған.


Соңғы жаңалықтар