Білім және ғылым министрлігінің цифрлық мақсаттары қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов цифрлы экономикаға қажетті адами капиталды дамыту үшін қандай бағыттағы жұмыс қолға алынатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі заманда адами капитал кез келген мемлекеттің бәсекелестігінің басты факторына айналғаны белгілі. Дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасында болашақта 10 жұмыс орнының 9-ы цифрлық дағдыларды талап ететіні атап көрсетілген. Сонымен бірге 2030 жылға қарай әлем бойынша кем дегенде 1 миллиардтан астам адамды қайта оқыту қажет болады. Өз кезегінде McKinsey-дің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай цифрлы дағдыларға деген қажеттілік кем дегенде 55%-ға өседі», - деді Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша ОЭСР баяндамасында жұмыс орындарының 32%-дан астамы, цифрландырудың салдарынан түбегейлі қайта құрылатыны жайлы болжам келтірілген.

«Сондықтан қазіргі заманда цифрлық сауат - оқу және есептеу сияқты базалық дағдылардың міндетті бөлігіне айналуда. Бірақ ол электрондық поштамен, іздеу жүйелерімен жұмыс істеу дегеннен кеңірек екенін атап өткен жөн. Бұл ретте әңгіме тек компьютерлік сауаттылық туралы ғана емес, сонымен қатар озық цифрлы құзыреттер туралы болып отыр», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов осы ретте Қазақстан бірнеше жыл бойы білім беру саласындағы халықаралық зерттеулерге қатысқанын айтып өтті.

«Зерттеулер көрсеткендей, еліміздегі «гаджетизацияның» жоғары деңгейі цифрлы дағдылардың жоғары деңгейіне айтарлықтай әсер етпейді. ICILS зерттеуіне сәйкес 14 жастағы оқушыларымыздың 54% -дан астамы цифрлы сауаттылықтың төменгі деңгейінде. Ал PIAAC зертеуіне сәйкес 6-34 жас аралығындағы азаматтардың тек әрбір 5-шісі цифлы дағдылардың жақсы деңгейіне ие. Бірақ цифрлы экономикаға қажетті адами капитал тек ғана осы цифрлы құзыреттілікті ғана қажет етпейді. Цифрлы экономикаға қажетті адами капитал үшін сандық құзыреттіліктікке қоса софт скилсті дамыту қажет. Ол дегеніміз функционалдық сауаттылық, сыни ойлау, креативтілік, оқып және талдай білуі», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов бұл бағытта басты қадамдар басталғанын, 2016 жылдан бастап мектептерде функционалды сауаттың дамуын көздейтін жаңа білім бағдарламалары енгізілгенін жеткізді.

«Келесі оқу жылында барлық сыныптың жаңа бағдарламаға көшуін аяқтаймыз. Келесі қадам - білім берудің барлық деңгейлерінде цифрлық құзырет енгізу. Осыған орай біздің алдымызда келесі міндет тұр. Біріншіден - ІТ саласының әлемдік стандарттарға сай мамандарын дайындау. Екінші - басқа да сала мамандарын цифрлы құрзыретпен қамтып оқыту және қайта даярлау. Үшіншіден - барлық азаматтарға базалық цифрлық сауат беру», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар