Биологиялық қауіпсіздік туралы құжат инфекциялардың тарауының алдын алады – Мәжіліс төрағасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің заңнамалық тарихында алғаш рет «Биологиялық қауіпсіздік» туралы заң жобасын (бірінші оқылымда) мақұлдадық. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген. Осы құжат елімізде биоқауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. Ол әртүрлі инфекциялардың алдын алуға, халықтың денсаулығын сақтауға, жалпы алғанда, қоршаған ортаны биологиялық қауіптерден қорғауға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Құжат биологиялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты ажыратуға және олардың қызметін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Палата спикері бұл заң жобасы Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа моделін құру үшін құқықтық негіз болады және азаматтар мен қоршаған ортаны қорғауға бағытталғанын айтты.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында және 2020 жылғы 16 қарашада коронавирустық инфекция жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әзірледі. «Заң жобасының басты тұжырымдамасы биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, оларды болдырмау және алдын алу болып отыр.


Соңғы жаңалықтар