«Бір белдеу – бір жол» Қазақстанға қандай пайда әкелді – сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еуразия аймағы бойынша ҚХР өкілдігінің арнайы өкілі, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ли Хуэй «Бір белдеу – бір жол» бастамасының басты нәтижелерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бірлескен бастамасы аясында жемісті нәтижелер байқалып келеді. «Бір белдеу – бір жол» бастамасы көтерілген 6 жыл ішінде екі ел арасында Жібек жолы экономикалық белдеуін құру мен Нұрлы жол Қазақстанның экономикалық саясатын тоғыстыру жоспары көзделген.

«Осы орайда, біздің ынтымақтастықтың ең жарқын сәттерін атап өткім келеді. Ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша қарқынды дамуға қол жеткіздік. Екінші сәт – транзиттік тасымал мысалында өзара сабақтастық нығайтылды. Үшіншіден, инновациялар мен технологиялар қозғаушы күші болып табылатын өндіріс қуаттылығы бойынша ынтымақтастықты тұрақты дамытып келеміз», - деді Ли Хуэй елордада өткен сарапшылар кездесуінде.

Сонымен бірге, екі ел арасындағы қаржылық ынтымақтастықты арттыруға айрықша көңіл бөлінген. Қытайлық тарап «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуын қолдайды және Жібек жолы қоры мен Шанхай қор биржасы АХҚО стратегиялық серіктестеріне айналды.

«Одан бөлек, екі елдің мәдени және гуманитарлық байланысын нығайтуға аса мән беріп отырмыз. Қазір Қазақстанда 5 Конфуций институты жұмыс істейді. Ал Қытайдың 4 жоғарғы оқу орнында Қазақстан орталығы ашылған. Және ШЫҰ аясында біздің үкіметтік стипендиялар мен тақырыптық жобалар арқылы қазақстандық студенттерге қаржылай қолдау көрсетіп отырмыз. Өткен жылы 1,5 мың қазақстандық студент стипендия алды», - деді Ли Хуэй.

Сөз соңында қытайлық сарапшы «Бір белдеу – бір жолдың» қазақстандық тарап үшін елеулі нәтижелер бергенін атап өтті.

«Мәселен, Ляньюньгандағы Қытай-Қазақстан логистикалық орталығы Қазақстан үшін теңіз бен мұхитқа жол ашып берді. Қазақстанның сұрыптық бидайы Оңтүстік-Шығыс Азияға жылдам жеткізілетін болды. Одан бөлек, Қытай-Еуропа жүк пойызы, Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолы Қазақстан үшін 50 мың жұмыс орнын ашты. Транзиттік тасымалдың өзінен Қазақстан 4 млрд АҚШ доллары болатын табыс тапты. «Бір белдеу – бір жолды» бірлесе құру аясындағы жемісті ынтымақтастығымыз мақтануға тұрарлық», - деді Ли Хуэй.

Соңғы жаңалықтар