Бір жылда автобус жүргізушілерінің кінәсінен 29 адам мерт болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы автобус жүргізушілерінің кінәсінен 29 адам мерт болды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жолдағы қауіпсіздік деңгейін айқындайтын тағы бір фактор – автокөліктердің техникалық жай-күйі. Қазіргі уақытта елімізде пайдаланылатын әрбір үшінші көліктің шығарылғанына 20 жылдан асып кеткен. Өткен жылы автобус жүргізушілерінің кінәсінен 321 жол-көлік оқиғасы орын алып, 29 адам қаза тапты және 445 адам жарақат алды», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның дерегінше, ескі автобустардың басым бөлігі жеке тұлғалардың иелігінде.

Олар тұрақты емес бағдарларға қызмет көрсетеді және көпшілігі қауіпсіздік нормаларын бұза отырып, қайта жабдықталған.

«Жыл сайын полиция қызметкерлері тұрақты емес тасымалға пайдаланылатын, қайта жабдықталған автобустардың шамамен 500-700 фактісін анықтайды», - деді Серік Түсіпов.


Соңғы жаңалықтар