Birge сайты: Көлгіновке тұрғындардан астананы көріктендіруге қатысты 240 ұсыныс түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында Birge сайтына 40 күн ішінде 240-тан астам ұсыныс түскенін мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Мен Birge платформасының іске қосылғаны туралы хабарлаған болатынмын. Онда елордамызды дамыту бойынша ұсыныстарыңызды жібере аласыздар. Ұсыныстарды бірнеше бағыттарға бөлдік. Апатты жағдайдағы ескі үйлер, экология, газдандыру, көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктер, көшелерді жарықтандыру, жануарларды қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, білім беру, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала, көлік және т. б. санаттар бар» деп жазды әкім.

Қала басшысының айтуынша, Birge сайтына 40 күн ішінде қала тұрғындарынан 240-тан астам ұсыныс түскен. Олардың қатарында бірыңғай студенттік карта құру және жаңа қоғамдық кеңістіктер ашу, көлік, ТКШ салаларына ақылды технологияларды енгізу және т. б. бар.

«Бастапқы кезеңде 30-ға жуық ұсыныс іріктеліп, олар бойынша дауыс беру іске қосылды. Онлайн-дауыс беруге қоғамдық кеңістік, ТКШ, білім беру, бизнес, экология, жануарларды қорғау, көшелерді жарықтандыру, көлік, урбанистика-қалалық орта, туризм, мәдениет, әлеуметтік сала сияқты санаттар ұсынылған. Сіз өзіңізге ұнайтын идеяға дауыс бере аласыз. Қала тұрғындарының көпшілігі қолдаған идеяларды жүзеге асырамыз. Алғашқы 30 жоба бойынша онлайн-дауыс беру 19.03-19.04.2021 аралығында ашылды. Сонымен қатар, қала тұрғындары қаланы одан әрі дамыту бойынша өз ұсыныстарын қалдыра алады. Бірлесіп елордамызды одан да жайлы ете аламыз!» деп түйді сөзін Алтай Көлгінов.


Соңғы жаңалықтар