«Birgemiz»: 5 мыңнан астам ақтөбелік отбасыға көмек көрсетілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 3003 және асыраушысының бірінен айырылған балалары бар 2667 отбасыға қаржылай көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының «Birgemiz» қорынан көмек алған 5 мыңнан астам ақтөбелік отбасының арасында Гүлмира Жамалханова да бар. Ол карантин уақытында жұмыстан қысқартылып, уақытша қиындыққа тап болған. Көпбалалы ана қолұшын созғандарға өз ризашылығын жеткізді.
«Есепшотымызға 50 мың теңге түсті деген кезде сенген жоқпын. Партияның облыстық филиал өкілдеріне қоңырау шалып, нақтысын білдім. Ол жақтағы қызметкерлерге де алғысым шексіз. Тізімде бар екенімді айтып, нақты жауабын берді. Өзім көпбалалы анамын. Карантин кезінде қиналдым, жұмысымнан айырылдым. Көрсетіліп жатырған қолдау бізге үлкен көмек болды», - дейді Гүлмира Жамалханова.
Бұған дейін де «Birgemiz» қоры арқылы мұқтаж отбасыларға қаржы аударылды. Бірінші және екінші кезең аясында 360 мыңнан астам отбасы 50 мың теңгеден біржолғы төлемақы алды. Оның ішінде Ақтөбе қаласының 18 451 тұрғыны болды. Ал үшінші кезеңде республика бойынша 110 мыңдай отбасыға көмек көрсетілсе, облысымыздан Алға, Қандыағаш, Жем, Ембі, Темір, Шалқар, Хромтау қалаларындағы 5880 мұқтаж отбасы қолдауға ие болды. Төртінші кезеңдегі көмек облысымыз бойынша Маржанбұлақ, Бестамақ, Комсомол, Қарауылкелді, Ырғыз, Бадамша, Қобда, Мәртөк, Шұбарқұдық, Ойыл ауылдарындағы мұқтаж отбасыларға беріле бастады. Олардың ішінде аз қамтылған көпбалалы отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар бар. Бес кезеңде облыс бойынша «Birgemiz» қоры арқылы 34 мыңнан аса тұрғынға қаржылай көмек көрсетілген.


Соңғы жаңалықтар