«Birgemiz»: Қостанайдағы диірмен кешені 2000 отбасына ұн жеткізеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайдағы «Бест Костанай» ұн өндіру кешені басшылығы «Nur Otan» партиясы қолға алған «Birgemiz» қайырымдылық акциясын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда сыртқа шығарылатын ұнның төрттен бірі Қостанайда өндіріледі. Өңдеу өнеркәсібінің шикізат өндіруден асып түсіп, оны көз ұшында қалдыруына облыстағы ұн тартатын диірмендердің қосып отырған үлесі мол. Солардың бірі – «Бест Костанай» ұн өндіру кешені. Алдағы күндері ұн зауыты 2000 отбасын қамтамасыз етпек.


«Алдымен Қостанай, Тобыл қалалары мен Заречное, Мичурин ауылдарына біреуі 25 келі болатын 1000 қап ұн жеткіземіз. Кейін Алматы қаласына қосымша 1000 қап жіберіледі. Бір қап ұн бір отбасына арналған. Осылайша «Nur Otan» партиясы қолға алған «Birgemiz» қайырымдылық акциясына қолдау білдіргіміз келеді», - дейді ұн кешені директоры Видади Юсубов.


Айта кетейік, «Бест Қостанай» диірмен кешені жаңғыртудан өтіп, былтыр Елбасының қатысуымен өткен телекөпірде тұсауын кесті. Тәулігіне 700 тонна астық өңдейтін қуаты бар диірменнің барлық жұмыс үдерісі компьютерлендірілген. Мультижүйелік бақылаудан тұрады және компьютерлік басқару өндіріске адамның қатысуынсыз автоматтық режімде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Элеваторға астықтың түсуі мен ұн қалталарға салынып шыққанға дейінгі бүкіл өндірістік цикл бірыңғай компьютерлік есепте тұр. Тәуліктің қай сағатында және әлемнің кез келген нүктесінде отырып, интернет арқылы диірмен жұмысын бақылауға болады.


Ұн зауыты Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Ауғанстан сияқты елдерге экспортқа шығады.
Соңғы жаңалықтар