Бірнеше рет пара алған ҚТЖ-ның станса бастығы 8 жылға сотталды
«Ол «Алтынкөл» кеден бекетінің бас маманы Е.М.Төлеевпен және тауар кассасының бастығы А.М.Стамқұловамен алдын ала сөз байласып, радиациялық фоны жоғары вагондарды кедергісіз өткізгені үшін 4 млн 324 теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Сондай-ақ, Ұнтақбаев «Алтынкөл» стансасының жүк ауданының бастығы Т.П.Қалдыбаевтың көмек көрсетуімен ірі габаритті вагондарды бергені үшін 1 млн теңгеден астам сома және жұмысқа орналастырғаны үшін азаматтан 100 мың теңге көлемінде пара алған», - деп мәлім етті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен.
Алматы облысы Панфилов аудандық сотының үкімімен бірнеше рет пара алған Ұнтақбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы үкіммен Төлеев пен Стамқұлова 7 жылға, ал Қалдыбаев 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сотталғандар сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды иелену құқығынан айырылды.