Біртанов: Қазақстанда туберкулезге қарсы күрестің сапасы артады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Орталық Азиядағы туберкулезді интеграция жолымен бақылау жұмысы бойынша халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық конференция ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Халықаралық даму бойынша АҚШ Агенттігі (USAID), Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығы мен ЖИТС-пен, туберкулез және безгекпен күрес жаһандық қорының ұйымдастыруымен өткізілуде. Шараға қазақстандық және Орталық Азия елдерінен, басқа да шет мемлекеттерден сарапшылар келген.

«Қазіргі таңда Қазақстанда туберкулезге қарсы күрес жүргізу сапасын арттыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта туберкулезді интеграция жолымен бақылау моделі енгізілуде. Оған аталмыш аурумен күресудің барлық амал-әдістері кіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Халықаралық туберкулезбен және өкпе ауруларымен күрес одағының саясатын ұстана отырып, туберкулезге қарсы күрес бойынша шаралар бастапқы медициналық-санитарлық көмек желісіне кіріктірілген», - деді Елжан Біртанов халықаралық конференция барысында.

Министрдің айтуына қарағанда, қазіргі таңда елімізде туберкулезбен ауыратындарды емдеу үшін дәрі-дәрмекке қаражат бұрынғыдан көптеп бөліне бастаған.

«Инфекциялық бақылау шаралары күшейтілді. Диагностика мен туберкулезден емдеудің инновациялық экспресс-амалдары енгізілуде. Жуық арада осындай кешенді шаралардың барлығы Қазақстандағы туберкулезді жоюға барынша көмек болар деген сенімдемін», - деді ол.

Ал Орталық Азиядағы USAID аймақтық миссиясының директоры Кристофер Эдвардстың айтуынша, елордадағы халықаралық форум Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтері мен азаматтық секторы аурудың бұл түрін еңсеруге барынша күш салып жатқанын көрсетеді.

«Туберкулез - өлімге әкелетін, алайда уақтылы шара қолданса, емделетін сырқат. АҚШ соңғы 20 жылда орталықазиялық мемлекеттермен бұл бағытта серіктестікті нығайтып жатыр. Біздің бірлескен жұмысымыздың арқасында сапалы медициналық қызметке қолжетімділік артып, өткен он жылдықтарға қарағанда туберкулезден келетін өлім-жітім жағдайлары, жалпы сырқаттану жағдайлары төмендей түсті», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар