Біртұтас елдің тарихы бір арнаға тоғысуы қажет – Нұржан Төлепов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Ұлттық комиссия отырысында Қазақстанның толық академиялық тарихын жазу үшін «Халық тарихы» атты жобалық кеңсені ашу жөнінде тапсырған болатын. Осыған орай БҚО өңірлік сараптама кеңесінің хатшысы, Жәңгір хан атындағы тарихи этнографиялық музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов өз ұсыныс-пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, біртұтас елдің бір арнаға тоғысқан тарихы болуы шарт.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздіктен бәрінен қымбат» атты мақаласында алдымызда тұрған басты мақсат-міндеттерді саралап бергені мәлім.

-Иә, биыл рухы биік Қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 30 жыл. Кейбір халықтардың тағдырын қайталап, жаһандану салдарынан жойылып кетпей, аман қалдық. Ойшыл ақын Қадыр Мырза Әли айтқандай: «Тарих қоржыны қиянатқа толы» болғаны ақиқат. Қазақ даласында өткен көтерілістерге баға берген кезде біз ғалым, тарихшы және филолог Билял Аспандияровтың: «Қазақстан тарихын тәуелсіздік үшін күрес дәстүрлерін қалыптастыру тұрғысынан ғана қамту керек» деген тұжырымдамасын ұстануымыз керек деп есептеймін, - деді Нұржан Жолдығалиұлы.

Сарапшының пайымдауынша, осы бағытты дамыту – тәуелсіздікке қолы жеткен елдің азаттық жолында жанын пида еткен тарихи тұлғалардың алдындағы парызы. Бостандық туын көтерген бұқара қатал жазаланып, басып-жаншылса да, қаншама қазақ батыры шейіт кетсе де, қазақтың рухы жеңілген жоқ. Қазақ амалсыздан шегінді, бірақ берілген жоқ. Азаттықты болашақ ұрпаққа аманат етті. Сырым Датұлы бастаған көтерілістің туын Исатай Тайманұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Есет Көтібаров, Жанқожа Нұрмұхамбетов сынды тұлғалар биік көтерді. Сайып келгенде, қазақ ұлты өзіндік ерекшелігін, тілі мен ділін сақтап қалды. Сондықтан жер үшін, қара қазан, сары бала қамы үшін семсерін сермеген барлық қаһарман, хан мен батырдың әр қадамын зерттеп, алаламай, ақиқат тарихын жазу – бізге парыз.

XX ғасыр басында саяси сахнаға шыққан Алашорда қайраткерлері біртұтас Қазақстанды республика деңгейіне дейін жеткізді. Олар да айдалды, атылды, аман қалғаны некен-саяқ. Әлі де ақталмағаны қанша?! Алашқа қатысты әңгіме қозғасақ, бүгінде ұлт алдында мынандай сұрақ тұр: «Біз Алаш қозғалысының мұрасын қаншалықты кәдеге жаратудамыз және сол тұлғалардың тынымсыз еңбегін қаншалықты бағалаудамыз?» Алаш туралы сөз қозғасақ, ойымызға алдымен келетіні А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов. Ал қалған қайраткерлер есімі лайықты орнын халық жадынан емес, тарих парақтарынан ғана алған. Уақыт кейбір тұлғалар есімін ұмыттырғанымен, халық ел үшін туған ерлерді естен шығармауы керек. Ұмытсақ, тарих алдында кінәлі боларымыз хақ. Өйткені, мың жылда бір дүниеге келетін қайталанбас тұлғалар болады.

Ұмытуға болмайтын ұлттың ұлы перзенті ретінде елім деп еміренген, жерім деп тебіренген Жанша Досмұхамедовты айтар едік. Әр Алаш қайраткерінің бағасы мен орны олардың тарихи сәттегі саяси күреске қосқан нақты үлестері арқылы айқындалады. Өйткені олар саяси сұрапыл заманда өмір сүре отырып, Қазақстанның тәуелсіздігі үшін басын тікті. Жанша Досмұхамедов – «Алаш» партиясының жарқылдаған алмас жүзді алдаспанындай танылған көшбасшысы, «Алашорда» қозғалысының дамуына бірден-бір үлес қосқан аса ірі қайраткер, «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи романның бас кейіпкері. Күнбатыс Алашорданың идеологиялық маңыздылығы мен Үкімет басшысы Жанша Досмұхамедовтың еңбегін насихаттау жолында «Тар жол, тайғақ кешу» романының авторы, бас кейіпкердің замандасы Сәкен Сейфуллиннің берген саяси бағасын ескермеуге болмайды: «Жаншадай ұл жоқ, Жаншадай ер жоқ. Алаштың туын көтерген Жанша, ислам дінін қорғайтын Жанша, Алаш үшін бір жанын бәйгеге тіккен Жанша. Тар жол, тайғақ кешуде Алаш баласын аман алып өтетін Жанша...».

-Бір кезде бұрмаланып жазылған, өтірік-шыны аралас тарихты қайта сараласа, «Халық тарихы» атты жобалық кеңсе Қазақстанның толық академиялық тарихын жазуға мұрындық болары сөзсіз. Бүгінде біртұтас елдің тарихы бір арнаға тоғысып, бірде-бір саяси тұлға ұмыт қалмай, әділ бағасын алуы керек, - дейді Н.Төлепов.

Оның пікірінше, жазба тарихтың бастауы ауызша тарих, ал оның көзі Дала өркениетінің феномені – сарқылмас халықтың жадында жатыр. Қазақ халқына тән осы құбылыстың арқасында дереккөздің бай қазынасы ХІХ-XX ғасырда қағаз бетінде таңбаланып, баға жетпес бай мұра ұрпақтан-ұрпаққа табысталып келеді. Ойлап қарасақ, қазақ халқы бар болмысын, дүние танымын, салт-дәстүрі мен бірнеше мыңжылдық философиясын қаз-қалпында сақтап, болашақ ұрпаққа осылай аманат етті. Қазақ халқының жадында сақталған мұраны Шоқан Уәлиханов, Мұхамед-Салық Бабажанов, Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов сынды тұлғалар кейінгіге жеткізді. Енді соны іске асыра білу – тәуелсіз елдің парызы. Сондықтан қазақ фольклористикасын қорғайтын заң қабылдау қажет. Себебі, сан алуан аңыз бен тарихи жырды ғылыми тұрғыда тарқатудың орнына, оны жоққа шығарушы қөбейді.

Көршілес елдерде архив ісі ерте жолға қойылған, тіпті жеті мың жыл бұрын түзілген құжат бар көрінеді. Сондықтан, қазақ халқының жады арқылы жеткен аңызды аялап, теңеулерді талдау білуіміз керек. Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі, профессор Мұхтар Әуезовтың басшылығымен 1948 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ғылыми еңбектің фольклорға арналған I томында айтылған: «...фольклор әрі өткеннің, ескінің елесі, әрі бүгінгінің зор үні. Себебі: әр заманның айтушысы бұрынғы нәсілден-нәсілге қалып келе жатқан шығармаларды жаттап алып, айтқанда, оларды дәл сол бұрынғы қалпында айтпайды, заманына, тындаушысына қарай өзгертіп, жаңғыртып айтады. ...Сөйтіп үнемі үстеліп, жаңғырып, дамып, оған әр заманның үні қосылып, ен-таңбасы түсіп отырады» деген пікір қай уақытта да өзекті болып қала бермек.

Расында «Фольклор ауызша шығарылып, ауызша сақталады. Ол ауыздан ауызға, елден-елге, нәсілден-нәсілге, заманнан-заманға ауызша тарайды. Көп жылдар, әлденеше ғасырлар бойы осылай сақталғандықтан, фольклор жол-жөнекей көп өзгеріске ұшырайды. Фольклорды біреуден үйреніп алып айтатын адамдар (жыршы, ертекші) өздерінің жаратылысы, шеберлігі жағынан әр түрлі болады. Олардың ішінде таланттылары да, талансыздары да болады. Әрине, таланттылары естіген, үйреніп алған шығармаларын жетілдіріп, өндеп, шебер жеткізеді. Талантсыздары шығарманың кей жерін бүлдіріп, көріксіз етіп айтады». Сондықтан, қазақ халқына ауызша жеткен сан алуан өлең, жыр, толғау, ертек, аңыз әңгімені жоққа шығаратын емес, қайта уақыттың шан-тозаңын, кебегін ұшырып, таза дән, яғни тұпнұсқа сыйлайтын ғалым керек. Ол үшін ғалым алдымен «Ғылым тарихы мен философиясын» терең білуі қажет.

XIX ғасыр ағартушысы және реформаторы Жәңгір хан өз халқының тарихын білуді аса қажет деп есептеді. Бірақ та өскелең ұрпақтың ауыз әдебиетіне сенуден қала бастағанын сол кезде-ақ сезініп, жақсы түсінген. Оған 1828 жылы өзінің Хан Ордасында ашқан Қару-жарақ палатасы дәлел бола алады. Осылай тек нақты жәдігерлер арқылы ғана тарихты мойындайтын жастардың сана-сезімін оятты.

«Ал XXI ғасыр жастары аңыз түгілі, жазба тарихқа сенімсіздікпен қарайтын болды. Олар өз көзімен көрген жәдігер мен дәлелденген тарихқа сенеді. Шүкір, заманның талғамына сай аспан астындағы жәдігер, көне қалалар табыла бастады. Орал қаласының манындағы ортағасырлық «Жайық қалашығы» аспан астындағы музейге сұранып тұр. Алайда мұндай ірі жоба қомақты қаржыны талап етеді. Сондықтан ол – болашақтың ісі. Бірақ заман тоқтамайды, алға аса береді. Оның үстіне, соңғы саяси уақиғалар қазақ еліне рух көтеретін іс керек екенін дәлелдеді. Әсіресе, жастарға қажет салт аттылар шеруі, ғылыми-зерттеу экспедициясы, тағы басқа да патриоттық іс-шаралардың діттеген мақсатына жетуі үшін олардың бастау алатын орны болуы керек. Біртұтас елді біріктіретін идея, тарихи оқиға ретінде «Орбұлақ шайқасы» дер едім. Әр облыс, аудан, ауылда «Орбұлақ жеңісі» жазуы бар тас белгі орнатылуы керек. Барлық патриоттық іс-шаралар осы жерден бастау алып, Тәуелсіздік алаңында рухымызды аспандатар Көк Ту алдында қорытындыланса, азаттықтың қадірін сезіне түсіп, адамның тұла бойын патриоттық сезім кернер еді», деп түйіндеді ойын Н.Төлепов.


Соңғы жаңалықтар