Бірыңғай қабылдау күні: Батысқазақстандықтар қандай сұрақтармен келіп жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғындарды облыс әкімі мен оның орынбасарлары, Орал қаласының, облыстық басқармалар мен департаменттердің, құқық орғау органдары мен коммуналдық мекемелердің басшылары жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Солардың бірі Орал қаласының тұрғыны Халес Рахметов І топтағы мүгедек.

«Осында бәріміз де мәселеміз шешіле ме деген үмітпен келдік. Ипотекамен несие алып едік. Қазір қаражаттан қиналып, соған көмек сұрап, облыс басшысы Ғали Есқалиевке жолықтым. Кейін хабарласамыз деген жауап алдық», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Х.Рахметов.

Тағы бір тұрғын Вера Уланова тұрғын үй мәселесімен келген. Оның сөзіне қарағанда, әкесі, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Григорий Недопекин 2003 жылы көз жұмса, анасы Евдокия – тыл еңбеккері. Соған орай 2014 жылы бір бөлмелі пәтер алған. Осының орнына 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізгісі келеді.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің айтуынша, Е.Недопекина ЕДС ардагеріне теңестірілген тұлға ретінде кезекке тұрып, арнайы салынған үйден бір пәтер алып, кейін жекешелендірген. Сондықтан оған қосымша үй беруге заңды негіз жоқ.

Тұрғындарды қабылдау одан әрі жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар