Біржан Нұрымбетов 2020 жылды қорытындылап, қазақстандықтарды Жаңа жыл мейрамымен құттықтады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Еңбекминінің 2020 жылғы жұмысын қорытындылап, қазақстандықтарды келе жатқан 2021 жылмен құттықтап, барлық азаматтарға денсаулық, амандық және бақыт тіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Қымбатты қазақстандықтар! Өткен 2020 жыл COVID-19 пандемиясына байланысты бүкіл әлем үшін қиын сынақ болды, біздің елімізді де айналып өтпеді. Пандемиямен және оның салдарымен күрес Үкіметтен аурудың өсуін тоқтату және халық пен ел экономикасы үшін ауқымды теріс салдарлардың алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауды талап етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен кірістерінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді беру тетігі жедел түрде әзірленіп, іске қосылды. Төтенше жағдай және карантиндік шектеу іс-шаралары кезеңінде барлығы 4,6 млн адам жалпы сомасы 476,1 млрд. теңгеге осындай төлемдер алды.

Сондай-ақ, ТЖ және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алды.

Халықты жұмыспен қамту бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмыспен қамтудың жол картасы әзірленіп, табысты іске асырылуда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында 1,2 млн. жұмыс орнын құру және сақтап қалу және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мүмкін болды.

Бұл ретте, қиын жағдайға қарамастан, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау қамтамасыз етілді.

Қосымша қолдау мақсатында зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері екі рет индекстелді. Базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 2019 жылмен салыстырғанда 10% – ды, ынтымақты зейнетақының өсімі 12% - ды құрады.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы және табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілді. Бүгінгі таңда 413,4 мың көпбалалы отбасы ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алады, оның мөлшері отбасының табысына емес, балалардың санына байланысты болып келеді.

Табысы аз отбасылардың балалары үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізілді. Әлеуметтік көмектің бұл түріне 430 мың балаға алғаш рет 17,5 млрд. теңге қарастырылған.

Сондай-ақ, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төленетін ұзақ мерзімді әлеуметтік төлемдердің мөлшері 2019 жылға қарағанда орта есеппен 50% - ға арттырылды.

2020 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылмен салыстырғанда: мәдениет және өнер саласында 35%-дан 50% - ға дейін, педагогтерге 4 жыл ішінде жыл сайын 25% - ға, әлеуметтік қызметкерлерге 15% - дан 60% - ға дейін арттырылды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу шеңберінде 124,2 мың адам 7,6 млрд теңге сомасында біржолғы төлем алды, бұл 2019 жылғы төлем сомасынан үш есеге артық. ҰОС қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдары үшін материалдық көмектің мерейтойлық мөлшері орта есеппен 1 млн теңгені құрады, бұл өткен жылдың көлемінен орта есеппен 4 есеге артық. Алғаш рет «Ардагерлер туралы» жаңа заң қабылданды.

Өткен жылы мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін жетілдіру бойынша да үлкен жұмыс атқарылды. Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосу басты жаңашылдық болды. Оның ерекшелігі –мүгедектігі бар адамдардың оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді олардың рейтингін, басқа пайдаланушылардың пікірлерін, бағасы мен сапасын ескере отырып, өз бетінше таңдау мүмкіндігі. Сервис оңалтудың техникалық құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқартуды; бизнес-процестердің ашықтығын, делдалдық қызметтерді жоюды; бағаларды біріздендіруді, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Портал 400 мың мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың техникалық құралдарымен және арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету бойынша қамтиды.

Өткен жылы еліміздің игілігі үшін жауапты еңбек етіп, әрі қарай оның дамуына қатысуға дайын барлық азаматтарға алғыс айтқым келеді. Алдағы жыл бізге жаңа перспективалар ашады, яғни жаңа міндеттер пайда болады.

Біздің міндетіміз – азаматтардың өмір сүру сапасының өзгеруіне қол жеткізу. Бұған тек бірлескен қажырлы еңбекпен қол жеткізуге болады. Бұл біздің қолымыздан келетініне сенімдімін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлерінің және өңірлердегі әріптестеріміздің жоғары кәсібилігі мен еңбекқорлығы осындай сенімділіктің негізі болып табылады.

Құрметті әріптестер мен отандастар, сіздерді келе жатқан 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Жаңа жыл – әрқайсымыз үшін ерекше мереке. Біз онымен өміріміздегі жақсы өзгерістерге, туған еліміздің сенімді дамуына үміт артамыз.

2021 жылы халықтың өмір сүру сапасының артуын, отбасы мен рухани құндылықтардың нығаюын шын жүректен тілеймін! Келер жыл еліміз үшін жақсылық пен жасампаздық жылы болсын. Барша қазақстандықтарға зор денсаулық тілеймін, әр шаңыраққа амандық, бақыт пен махаббат, қуаныш пен өзара түсіністік тілеймін!» – делінген Біржан Нұрымбетовтің үндеуінде.


Соңғы жаңалықтар