Біржан Нұрымбетов мүгедектерді оңалту жүйесіне енетін жаңашылдықтарды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мүгедектерді оңалту қызметі бойынша отандық жүйенің бір кемшілігін атап, бұл бағытта нақты қандай өзгеріс енгелі жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мүгедектерді оңалту жүйесіне енетін жаңашылдықтар туралы сөз қозғады.

«Бізде мүгедектерді оңалту қызметімен қамтамасыз ету жүйесі мынадай: мүгедек адамда таңдау мүмкіндігі жоқ, оған күштеп таңу үрдісі қалыптасып қалған. Мысалы, мүгедектер арбасы болсын, басқа да оңалту құралдары таңдау құқығынсыз беріледі. Мемлекеттік сатып алу жүргізілгеннен кейін тасымалдаушы соны жеңіп алады да, мінекей, осыны алыңыз деп бере салады. Сол үшін жұмыстың барлық бағытын жүйелі түрде өзгертіп жатырмыз. Яғни, алдағы уақытта елімізде қызмет порталы іске қосылады. Мемлекеттік сатып алудан оның бәрін алып тастап, тасымалдаушының көп болғанын, мүгедектерде таңдау мүмкіндігі болатындай жүйе жасап жатырмыз. Яғни, мүгедек жандар таңдау құқығына ие болуы керек», - деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің сөзіне сенсек, бұл жүйе 2020 жылы күшіне енеді.

«Жалпы, біз бұл бағытта жұмысты күшейтуді жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Айта кетсек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрімен бүгінгі кездесу барысында «Мирас» қорының президенті Жүзбай Серікұлы Зағиптар үйінің жобасын таныстырған болатын.

Өз кезегінде Біржан Нұрымбетов мұндай жобаны бастап отырған белсенді азаматқа алғысын білдіріп, жобаны қолдайтынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар