Бішкекте Түркі академиясы басып шығарған кітаптардың тұсаукесері өтті

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Бішкекте Қазақ-қырғыз зиялыларының IV форумында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған үш жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Осы жолғы жиын «Бекем бауырластық байланыстар» тақырыбына арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі жиын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз еліне мемлекеттік сапары қарсаңында өтіп жатыр.

Атап айтқанда, О.Караевтың «Чагатайский улус. Государство Хайду. Могулистан» атты еңбегі, қазақ тіліне алғаш рет толық аударылып басылған қырғыз халқының тарихи дастаны «Ер Есім» және З.К.Курмановтың «Кыргызский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судьба» атты кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.

«Бүгінгі жиынға арнайы әзірлеп әкелген үш кітабымыз бар. Бұл кітаптар бүгінгі форумның мәнісі мен мағынасына сай келіп тұр», - деді Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, алқалы жиынға ҚР Президентінің көмекшісі Мәулен Әшімбаев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Сұлтан Раев, Қырғыз Республикасы Білім және ғылыми министрі Каныбек Исаков, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Нұрпейісов, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, екі елдің танымал ғалымдары, академиктер, ғылыми институт басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қазақ-қырғыз зиялыларының алғашқы басқосуы Түркі академиясының бастамасымен 2018 жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Бұдан кейін туысқан екі елдің ынтымақтастығына айрықша ықпал еткен игі шара сол жылғы қазан айында Ош қаласында жалғасын тапты.

Сонымен қатар, Ұлы даланың мәңгілік мирасы «Манас» дастаны мен көрнекті ғалым Шоқан Уәлиханов тағылымына арналған үшінші форум биылғы маусым айында Жетісу жерінде, Талдықорған қаласында ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар