Бітімгерлік контингент Қазақстанда болғанда бір де бір оқ атқан жоқ – Тоқаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаңтардың басындағы тәртіпсіздіктер кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін шақыру әрекеті ұйымның келісім құжаттарына сай атқарылды. «Хабар-24» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы біздің ортақ ұйым болып табылады. Қазақстан осы ұйымға қатысушы ретінде 1992 жылы оның құрылуына атсалысты. Біздің Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тиісті бастама көтерген болатын. Ол ұйым 1992 жылдың мамыр айында құрылғанын еске сала кетейін. Шамамен осыдан 30 жыл бұрын деген сөз. Яғни ҰҚШҰ-дан көмек сұрағанда мен бөтен адамдарға жүгінген жоқпын ғой. Мен іс жүзінде өз-өзімнен және одақтастардан көмек сұрадым. Бұл бірінші», - деді Президент.

Сондай-ақ ол ҰҚШҰ бітімгерлік контингентін тарту осы ұйымның шарт құжаттарына сәйкес атқарылғанын ескертті.

«Бұл әрекет толығымен заңды болды. Үшіншіден, ҰҚШҰ бітімгерлік контингенті Қазақстанда болғанда бір де бір оқ атқан жоқ. Ең басынан бұл контингент стратегиялық нысандарды ғана күзететіні туралы келісім болды. Қалған мәселелермен өзіміз айналысамыз дедік. Бізге тыл керек еді. Төртіншіден, Қазақстанға бітімгерлік контингенттің келгені туралы хабардың өзі бандиттер үшін өте маңызды психологиялық, тіпті үрей туғызатын рөл атқарғанын жақсы түсіну керек. Бұл күш екені түсінікті. Бұл біріккен контингент екенін айту керек. Оның құрамында Ресейден бөлек, Беларусь, Тәжікстан, Армения және Қырғызстанның әскері де болды. Яғни, бұл – біріккен бітімгерлік контингент», - деді Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар