Биязы жүн өнімдерінің кластерлік бастамасын іске асыру керек - сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Ғұмар Дүйсембаев биязы жүнді қой түрлерін өсіруді ынталандыру керектігін айтты. Осы орайда ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республикада жыл сайын 38 мың тонна қой жүні өндіріледі, олардың ішінде 7,0 мың тоннасы биязы (19,2%), 4,4 мың тоннасы жартылай биязы (12%) және 20,6 мың тоннасы (54%) қылшықты жүн. Қазақстанда негізінен жартылай қылшықты және қылшықты жүн өндіріледі. Биязы және жартылай биязы жүнді импорттауға тура келеді. Мәселен, 2018 жылы импорт көлемі 296 тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Мемлекет тарапынан тоқыма өнеркәсібіне қажет биязы жүн алынатын жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруге ынталандыру жоқ», - деп тоқталды Ғ. Дүйсембаев.

Оның пайымынша, бізде қазір заманауи түрленген өндіріс бар, олар осындай шетелдік озық кәсіпорындармен бәсекеге түсе алады. Өкінішке қарай, олар өз өндірістің қуаттылығының 40-50 пайызына ғана іске асырып жатыр.

«Жүнді алғашқы қайта өңдеу сатысындағы өндірісті дамыту және жүн өнімдерін дайындау үшін Биязы жүн өнімдерін өндіру жөніндегі кластерлік бастаманы іске асыру жоспарын әзірлеу керек. Ол үшін, сатып алуға техникалық ерекшеліктерді әзірлеу кезінде ҚР СТ талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізу арқылы елдің ішінде кепілдендірілген ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстарды қолмен режимдеу, көрсетілген тұтынушыларға қажетті өнімдер болмаған жағдайда технологияларды жинақтау, ассортиментін кеңейту және импортқа тәуелділікті азайту мақсатында ұзақ мерзімді оффтейк келісім-шарттарды жасауды ұсынамын. Осы жүн өнімдерін өндіру мен өңдеу өндірісі күтілген қажетті деңгейге жеткізу үшін жоғарыдағы сұрақтар шешілуі қажет деп санаймын», - деді сенатор.




Соңғы жаңалықтар