Биыл 4 жаңа автожол жобасы басталмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қызылорда-Жезқазған жолын қайта жаңғырту үшін халықаралық ұйымдардан қаржы тартпақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында мәлім етті.

«2025 жылға дейін республикалық маңызы бар барлық автожолды қайта жаңарту үшін ұзындығы 4,3 мың шақырымда жаңа жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, 2021-2025 жылдарды 10 мың шақырым автожол жөнделеді. Биылғы жылдың соңына дейін біз жалпы ұзындығы 607 шақырым болатын 4 жаңа автожол жобасын бастауды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Оның бірі – Қызылорда-Жезқазған автожолы. Жалпы ұзындығы 427 шақырым болатын дәлізді күрделі жөндеуден өткізу үшін Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің қарызы есебінен мемлекеттік кепілдеме негізінде қаржыландыру жоспарланған.

«Жыл соңына дейін банктермен несие келісмдеріне қол қою және мердігер ұйымдарды анықтау көзделген. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ экономикалық сараптамадан өту үшін техника экономикалық негіздемені жетілдіруде бойынша жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, жоба банк тарапынан бағалануда», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Қалған жобаларға тоқталсақ, Түркістан қаласының Шығыс айналма жолын салу (30 км), Шымкент қаласының Оңтүстік-батыс айналма жолының құрылысы (48 км), Сарыағаш қаласы айналма жолының құрылысы (102 км) жоспарланған.

Еске салсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі аталмыш шарада Қандыағаш-Мақат бағытындағы 327 шақырым жол биыл ашылатынын мәлім еткен болатын.

Ведомство жол құрылысы маусымында битум бағасының өсуіне жол бермеу мәселесін пысықтап жатыр.



Соңғы жаңалықтар