Биыл 6 мыңнан астам адам қандас мәртебесін алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Осы жылдың 5 айында 6,3 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында министр 1991 жылдан бері 1 миллионнан астам этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, олардың бәрі оралман мәртебесін алғанын атап өтті. Бұл еліміздегі халықтың 6 пайызын құрайды.

«Биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша Республикамызға 3245 отбасы, 6 361 этникалық қазақ көшіп келді. Оралмандар мен қоныс аударушылардан тұратын жалпы саны 2 224 адамды құрайтын 631 отбасы Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарына орналасты», - деді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, ол осы жылдың 13 мамырында Мемлекет басшысы көші-қон процестерін жетілдіру туралы заңға қол қойғанын атап өтті. Онда «қандас» түсінігі енгізілді. Оған сәйкес этникалық қазақтың бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмағандығы басты өлшем болып саналады. Атажұртына оралған қандастарымыздың тұрақты тұруға рұқсат алу үшін де, Қазақстан азаматтығын алу үшін де құжаттарды бір уақытта ұсыну құқығы болады.

Сонымен қатар, министр шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40 пайызға азайғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері 7,7 мыңнан астам шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілді. Жұмыс берушілер 2,8 миллиард теңге көлемінде салық төледі. Бұл ретте кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету талабын орындайтын компаниялардың үлесі қазір 96 пайызды құрап отыр», -деді Біржан Нұрымбетов.


Соңғы жаңалықтар